Мемлекеттен қаржыландырылатын 120 спорт түрі қысқартылады
Елімізде мемлекет есебінен қаржыландырылатын бақандай 120 спорт түрі қысқаратын болды. Олардың қатарында биатл, триатл, петанк, унифайт пен текбол сынды адам естімегені жетерлік. Жалпы бүгінге дейін 180 спорт түріне бюджеттен қыруар қаржы бөлініп келіпті. Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады. Енді легионерлерге де мемлекет немесе квазимемлекеттік компаниялар есебінен ақша төлеуге тыйым салынады.
Автор: Мерей Қалиасқар
13.11.2024
Ұлыбританияда — 15, ал Германияда — 17 спорт түрін мемлекет қаржыландырады деген дерек келтірді депутаттар. Ал бұл мемлекеттер байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан әлдеқайда көбірек көрініп жүргені баршаға белгілі. Туризм және спорт министрі де бұл уәжбен келісіп отыр. Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қазір республика бойынша бюджеттен ақша алатын 180-нен астам спорт түрі тіркелген. Ол спорт түрлерінің барлығынан спорт резервін даярлау жүзеге асырылуда. Алайда жыл сайын тек 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрінен медаль алып жүрміз. Осының бәрі спортшыларды даярлаудың бастапқы кезеңіндегі сәтсіздіктерінен дейді министр. Сондықтан нақты нәтижесі бар спорт түріне көбірек көңіл бөлінбек. Сәйкесінше, қаржы да осы жаққа көбірек бөлінеді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
— 180 спорт түрінің ішінен басым спорт түрін анықтау біздің бірінші мақсатымыз осы заң аясында жүріп жатыр. Олардың, мысалы, Олимпиада, Сурдлимпиада, Паралимпиада, Азия және Параазиялық ойындарына кіретін спорт түрлерін және ұлттық спорт түрлерін осы бағдарламада, біз басым спорт түріне бекітеміз. Ол 60-қа жуық спорт түрі болады. Бұл 60 спорт түрі тек қана бір өңірде дамиды деп айтпаймыз, әр өңірдің географиялық орналасуына, тарихына байланысты, инфраструктураға байланысты, әр өңірге басым спорт түрін бекітіп өтеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!