Шетел валютасын қолдан жасап өткізіп жүрген қылмыстық топ ұсталды
Жалған ақша жаратып, жалғанды жалпағынан басып келген. Еліміздің бірнеше өңірінде шетел валютасын қолдан жасап өткізумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды.
Автор: Сәбит Әлдебай
13.11.2024
Қаржы мониторингі агенттігі жүргізген операцияда Алматыда жалған купюраны өткізумен айналысқан топ анықталған. Олардың үйін тінтігенде 149 дана қолдан жасалған доллар табылды. Осыған ұқсас дерек Орал қаласында да тіркелді. Онда бір топ адам лотерея клубтарының бірін 25 мың АҚШ доллары мен 10 мың еуро шығынға батырған. Күдіктелер бәс тігу үшін жалған ақшамен шотын толықтырып келген көрінеді. Ұсталғандар тергеліп жатыр.
Айта кетейік, биыл елімізде алаяқтықтың осындай түрімен айналысқан сегіз адам сотталды.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
— Биыл Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 000 теңге сомасына 141 дана, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра. Алынған жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 млн теңгеден асады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!