«Ангола алмазы». Sax invest ұйымына қаржы құйғандар ақшасын ала алмай жүр
Ақтауда мыңға тарта тұрғын қаржы пирамидасын құрғандардың арбауына түсті. Оларды Ангола алмазынан түскен пайдадан үлес аласыңдар деп сендірген. Алайда Sax invest деген күмәнді ұйымға қаржы құйғандар пайыздық үстеме түгілі, өз ақшасын ала алмай жүр. Қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты қазір тергеу жүріп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.11.2024
Қаржы ұйымына алданған ақтаулықтар ашулы. Барлығы Sax invest деген компания өкілдерінің «пайдаға көмілесіңдер» деген сөзіне сеніп, ақыры сан соғып қалған. Оларды Африканың алмаз өндірісіне қаржы құйып, бағалы қағаз сатылымынан түскен пайыз аласыңдар деп сендірген.
Гүлжан Қарынбаева:
— Осы компаниядан Бауыржан Меңдіғалиев деген адам келді. Бізді үгіттеді. «Сакс инвест» деген компания жақсы, салған ақшаны пайыздап аласыңдар деп, қайта-қайта келіп айналдырды. Соған сендік. Дардай кісі. Мың доллар салдым. Біз зейнеткерміз. Мың доллар деген біраз ақша ғой.
Салған мың доллар — ең азы. Көбісі миллиондап ақша құйыпты. Заңгерлердің айтуынша, қаржысын даулап жүргендер 11 мыңнан асады. Көбісі ешбір түбіртексіз, қолма-қол сеніп берген. Енді салымшылар күдіктілер жазадан жалтарып кете ме деп қауіптеніп отыр.
Мүшәрі Берғазина:
— Біз ешқандай тиын алған жоқпыз. Сол уақытта береміз деп, міндеттеме берді ғой. Содан кейін ол кісі хабарсыз кетті. Тек әлеуметтік желіден ғана бақылаймыз Анголада жүргенін, неғып жүргенін. Құр уәде беру. Қолымызға ақша келіп түсіп жатқан жоқ.
Sax invest қаржы пирамидасын құрған топқа қатысты қылмыстық іс бір ай бұрын қозғалған екен. Күдіктіні қамауға да алыпты.
Данияр Төлегенов, Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы:
— Sax invest салымшыларының арыздарына сәйкес, Астана экономикалық тергеу департаментімен ҚР ҚК 217-бабының үшінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды.
Алданған ақтаулықтар тергеумен маңғыстаулық мамандар айналысқанын құп көреді. Онымен қоса пирамида құрудан гөрі, алаяқтық бабы бойынша іс қозғалса деген талаптары бар. Бірақ күмәнді қаржы ұйымының құрылғаны және еліміздің өзге де аймақтарынан жәбірленушілері бар екені рас дейді тергеушілер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!