«1 жарым млрд». Қайырымдылық қаржысын ұрлады деген күдікпен Перизат Қайрат ұсталды
Халықтан жиналған бір жарым миллиард теңгені қалтасына басқан. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге аударылған қаржыны жымқырды деген күдікпен өзін меценат, волонтер деп таныстыратын Перизат Қайрат ұсталды.
Автор: Шапағат Мырзабекова
14.11.2024
"Бір біргеміз" деп, коронавирус індеті кезіндегі ұранмен ашқан қорына жұрт ойланбастан ақша аудара берген. Миллиардтаған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға оған туыстары мен таныстары көмектескен. Сол үшін әрқайсысына түсіп жатқан соманың 8 пайызын сыйақы ретінде беріп отырыпты. 600 миллион теңгеге Астанадан үш пәтер мен коттедж, оған қоса, әрқайсының құны 80 миллион теңгеден асатын су жаңа үш көлік сатып алған. Жымқырылған ақшаға бірнеше рет шетелде демалып, шалқып өмір сүріпті. Перизат Қайрат өз оқырмандарын сендіру үшін әлеуметтік желіде қайырымдылыққа жиналған қаражаттың үлестіруін Ұлттық банк қадағалайтынын жазған.
Айта кетейік, оның қорына кейбір мемлекеттік мекеме қызметкерлері, тіпті ұстаздар да бір күндік жалақысын аударған көрінеді. 32 жастағы күдікті қазір қамауда.
Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі:
— Дубай, Доха, Лондон мен Стамбұл қалаларына жиі барып, түрлі бесжұлдызды қонақ үйде тоқтаған. Атақты бренд әшекей бұйымдары мен аксессуарын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда тамақтанған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!