Тұрғындар ашулы: Алматының қақ ортасында тоғыз қабатты үй салынып жатыр
«Кедергі келтірген құрылыс». Алматының қақ ортасында тоғыз қабатты үйдің салына бастауы тұрғындардың ашуын туғызды. Себебі, құрылысы қыз-қыз қайнаған нысан тұрғындардың үйіне жапсарлас орналасқан. Қала орталығындағы тығыз құрылысқа шектеу қою туралы жылдар бойы айтылып келеді. Алайда "Поток 8" құрылыс компаниясы Алматыны жоспарлау және урбанистика басқармасымен соттасып жүріп, үй салуға рұқсат алыпты. Енді сол жердегі ескі үйлердің коммуналдық желілеріне қосылып, оның зардабын қарапайым халық тартып жатыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
14.11.2024
Қоршаудың ар жағында бұған дейін жер үйлер болған. Алайда бір ай бұрын олар сүріліп, аумақта аяқасты құрылыс басталыпты. Сөйтсе, мұнда тоғыз қабатты тұрғын үй салынып жатыр екен.
Тұрғындар бұл туралы қарашаның басында ғана білген. Айтуларынша, құрылыс аумағынан олардың ауласына дейінгі қашықтық бар-жоғы жеті метр. Жұмысқа білек сыбана кіріскен құрылысшылар коммуналдық желілерді әлден бүлдіре бастады дейді жұрт.
Жандос Тұрдәлиев:
– Олар біздің трансформаторға электр желісін қосып және біздің тұрғын үйімізге электр энергиясына қосымша қысым болғандықтан, бізде жарық өшіп қалды. Қатты қысымнан электр энергиясына салмақ түсіп, тұрмыстық техниканың бәрі істен шықты.
Жұрттан келісім алмақ түгілі, құрылыс туралы ескертілмепті де. Олар құзырлы орындарға шағымданғаннан кейін ғана мұнда нысанның төлқұжаты ілінген. Оның өзі қате. Яғни нысанның мекенжайы құжатта басқаша көрсетіліпті. Құрылыс қызған сайын, мұнда бұрыннан тұрып келе жатқан халықтан маза қашқан.
Ләтипа Смағұлқызы:
– Сағат сегізден басталып, қараңғы болса да, жарық жағып істей береді. Мына жерде у-шу. Терезені ашуға болмайды. Ауа жоқ. Үй салса, таулар, түк көрінбейді, жарық мүлдем болмайды мына біздің үйге. Ол не сұмдық!
Қала орталығындағы тығыз құрылыс қаншалықты заңды? Мұны ашынған тұрғындар мердігерден білмек болды. Алайда компания өкілдері халықты қоршаудан ары өткізбей, екі жақ жаға жыртысып қала жаздады.
Құрылыс компаниясындағылар, керісінше, электр трансформаторын жаңалап жатырмыз деп өзіне шаң жуытпады. Тіпті құрылыстың тұрғындарға еш зияны жоғына сенімді. Оған рұқсатты сот арқылы жеңіп алыпты.
Ардақ Рысқұлбеков, "Поток 8" құрылыс компаниясының атқарушы директоры:
– Бәрі заңды. Біріншіден, мына жерге бізге әкімдік рұқсат берген жоқ. Бірақ сот арқылы шешті. Сосын рұқсат берілді. Барлық құжат толық бар, заң бойынша салынып жатыр.
Алматы сәулет және құрылыс басқармасындағылар бастапқыда құрылысқа рұқсат бермегенімен, қазір сот шешіміне қарсы келе алмаймыз деп отыр.
Айқын Қорғасбеков, Алматыны жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметкері:
— Қала құрылысы құжаттарының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты дәлелді бас тарту берілді. Кейіннен «Поток 8» ЖШС сот арқылы, сотқа шағым жасады. Сот шешімі негізінде жобалау құжаттамасы берілді.
Тұрғындар құрылысты тез арада тоқтатып, оның орнына саябақ салып берсе дейді. Сондықтан сотқа жүгінбекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!