{metadescription}
Атырауда мұнай және газ өңдеу зауыты 10 жылға экологиялық рұқсат сұрап отыр
Атырауда мұнай және газ өңдеу зауыты 10 жылға экологиялық рұқсат сұрап отыр

Атырауда мұнай және газ өңдеу зауыты 10 жылға экологиялық рұқсат сұрап отыр

Атыраудағы мұнай және газ өңдеу зауыты 10 жылға экологиялық рұқсат сұрап отыр. Яғни өндірістен шыққан лас қалдықты емін-еркін төкпекші. Ал тұрғындар ауа сапасының индексі одан әрі нашарлай ма деп алаңдайды. Мұнай және газ өңдеу зауыты осы он жылда технологияны жаңартамыз дейді. Қоғамдық тыңдауда екі тарап қандай келісімге келді?

Соңғы экологиялық заңнамаға сай, ірі компаниялар кешенді экологиялық рұқсат алуға мүмкіндігі бар. Осыны алға тартқан Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты экология министрлігінен 10 жылға өндірістен шығатын лас қалдықты төгуге рұқсат сұрап отыр. 

Абзал Теміров, Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының экологы:

2021 жылы жаңа экологиялық кодекс күшіне енуіне байланысты елде 50 ірі мекемеге кешенді экологиялық рұқсат алу міндеттелген. Кешенді экологиялық рұқсат мақсаты шығарымдыларды азайтуға негізделген. Егер компания 10 жылға рұқсат алса, онда компания эмиссияларын азайтуға міндеттеледі.  Жаңа технология бағдарламасында әр компонентке норматив көрсетілген. Осы нормативке біз 10 жылда жетуімізге міндеттеме алып отырмыз.

Алайда қоғамдық тыңдауға келген табиғат жанашырлары, белсенділер мен  қала тұрғындары кәсіпорынның  бұл әрекетіне қарсы. Өйткені осы уақытқа дейін технологиясын жаңартпаған өндіріс орны ендігі он жылда өзгеретініне сенбейді. Оның үстіне экология министрлігі бұл рұқсатты берсе, қаланы ластап отырған зауытқа ешкім жақ аша алмай қалады деп қорқады. 

Арман Хайруллин, Атырау облысы Мәслихатының депутаты:

Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты үздік қолжетімді технологияларды өз жобасында ұсына алмады деп есептейміз. Жалпы өз басым мұндай 14 түйткілді тауып отырмын. Бүгін және алға қарай рұқсат алатын болса, мекеме ешбір ел алдына шығып жауап бермейді. Және сонымен қатар экологиялық эмиссиялардан босатылады. Біздің өңір үшін үлкен мүмкіндік еді. Осыдан да босайын деп отыр.

Қоғамдық тыңдауға зауыт іргесінде тұратын тұрғындар да келіп наразылық білдірді. Өндірістің лас ауасынан «денсаулығымыз құртылды» деген олар дәлел ретінде бір қап дәрі-дәрмектерін ала келген.

Жиын айқай-шуға ұласып, екі тарап та келісімге келе алмады. Қатысушылар компанияның жобасына көңілі толмайтынын жеткізді. Ал экологтар зауыт санитария нормасын сақтай алмай отырғандықтан,  «рұқсат алуға құқы жоқ» дейді.

Галина Чернова, эколог:

Кешенді экологиялық рұқсат алатын компанияның технологиясы да соған сай болуы тиіс. Бұл халықаралық тәжірибе  және біздің экологиялық кодексте көрсетілген. Ал Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының бұған ешқандай мүмкіндігі жоқ. Тіпті бүгінгі бізге жария еткен жобасының өзі қоғам сынына ұшырады. Қоғамдық тыңдауға қатысушылардың барлығы да қарсылық білдірді.

Ал қоғамдық тыңдауды өткізушілер зауыт жобаларын пысықтап, халықпен қайта кездесу өткізбекші.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде