Үкімет мүгедектігі бар адамдарға зейнетақымен қатар жәрдемақы төлеуді қолдамады
Мүгедектігі бар адамдарға зейнетақымен қатар жәрдемақы да төлеу ұсынысын Үкімет қолдамады. Вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикалық бюджетке бұл сома үлкен салмақ.
Автор: Айжан Шамшидин
15.11.2024
Ұсынысты ең әуелі Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков көтеріп, 30 әріптесі қолдаған. Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар зейнетке шыққан бойда бірден ай сайын төленетін жәрдемақыдан қағылады. Тағдыр тәлкегімен басына іс түскен жандарды бір адамдай түсінетін депутат бұл азын-аулақ қаражат дәрі-дәрмектен артылмайтын еді дейді. Сондықтан Таңсәуле Серіков Министрлер кабинетінің сауалға жіберген жауабы көңілін көншітпесе де, әрі қарай жарымжандардың құқығы мен өтінішін Парламент мінберінде көтере бермекші.
Таңсәуле Серіков, Мәжіліс депутаты:
— Үкіметтен мұндай мазмұндағы жауап келгенде көңілім су сепкендей басылғаны рас. Неге бұлай болды екен деп қалдым. Себебі елімізде түсініксіз жобаларға оңды-солды ақша шашылғанда ешкім үндемейді. Мәселен, шеттен келген легионерлерге есепсіз миллиондар бұған дейін бөлінді ғой. Мемлекеттік органдарға орынсыз субсидия бөлініп, болашағы жоқ жобалардың да қабылданғанын көрдік. Әрі қарай күресті тоқтатпаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!