Алматы: Аулада ағаш құлап, үш бірдей машина бүлінген
Алматыда көпқабатты үйдің ауласында тұрған көліктердің үстіне шіріген ағаш құлап кетті. Үш бірдей машина бүлінген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.11.2024
Оқыс оқиға түскі уақытта болды. Ойда-жоқта тұрақта тұрған көліктері бүлінген жүргізушілер құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Олар ағашты кесу арқылы көліктердің үстінен түсірді. Абырой болғанда бұл оқиғадан тұрғындар зардап шеккен жоқ. Қазір көпқабатты үйдің ауласында қираған көліктердің біреуі ғана тұр. Ал кесілген ағаш пен оның бұталары әлі де жатыр. Бұл аудандағы ағаштарды кесу жұмыстары мемлекеттік сатып алу негізінде жеке мердігерге тапсырылған. Бірақ құлаған тал апаттық ағаштар тізіміне енбепті. Енді көлігі бүлінген азаматтар келген шығынды өндіру үшін сотқа шағымдануы керек дейді шенеуніктер.
Зәуре Қалпенова, Әуезов ауданы әкімдігі көріктендіру бөлімінің бас маманы:
— Автокөліктерге келтірілген шығынды өтеу үшін көлік иелеріне сот органдарына жүгіну ұсынылады. Сот кінәлі тұлғаларды анықтап, жауапкершілікті тағайындайды. Егер сот шешімі зардап шеккен тараптың пайдасына шықса, мемлекеттік органдар туындаған шығынды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!