Алматы: Жайлы көпқабатты үй тұрғындары баспана сапасына шағымданып отыр
Сапасыз, бірақ бағасы удай. Алматыдағы комфорт санатына жататын көпқабатты үйдің тұрғындары баспананың сапасына шағымдануда. Ашынған жұрт таңның атысымен құрылыс компаниясының алдына жиналды. Өйткені олар алғашында тұрғындарды «Алтын сити» кешені екі есе жайлы болады деп сендірген екен. Ал шын мәнінде тұрғын үйдің не жарығы, не ыстық суы жоқ. Оған қоса қыс алдында пәтерлері жылымай тұр. Құрылыс компаниясының өкілдері өзіне шаң жуытпай, кешенде ешқандай мәселе жоқ деп отыр.
Автор: Ақтоты Жұмабек
15.11.2024
Комфорт санатындағы «Алтын сити» кешеніне тұрғындардың қоныстанғанына екі жыл болған. Бірақ содан бері жарық, жылу мен қоса ыстық су да жиі өшіп қалады екен. Қыс келсе үйде қалың көрпе жамылып отыруға мәзбүрміз дейді пәтер иелері.
Жылуға, жарыққа зәрулердің бірі — Лаура Елеусіз. Бес баланың анасы жаңадан бой көтерген кешенге бір жарым жыл бұрын қоныстанған. Көпбалалы ана өз баспанасында жайлы тұрмыс кешу мүмкін болмай пұшайман болып жүр. Бүлдіршіндерінің денсаулығына алаңдаған ананың күз басталғалы ұйқысы да қашқан. Себебі үйдің ішінде жеңіл киіммен жүру мүмкін емес дейді.
Лаура Елеусіз:
— Жарық өшсе, жылу да өшеді, ыстық су да өшеді. Газ қарастырылмаған. Басқаларды білмеймін. Өз басыма қиын болып жүр. Кешегі күні‑түнімен өшті, қайта қосылды, өшті, таңға дейін болған жоқ .Жылу да болған жоқ. Ыстық су да болған жоқ. Уәде беріп келе жатыр. «Міне, болады» деп.
Күн райы күрт суытқандықтан тұрғындар жылытқыш қосуға мәжбүр. Ай сайынғы коммуналдық қызмет құны да өсіп, ипотека төлейтін отбасылар тығырыққа тірелген. Сондай-ақ бірнеше рет жарық салдарынан жедел саты да істен шығып, тұрғындар ішінде сағаттап қалып қойған.
Аймен Түтебаева:
— Келгеннен бері күн сайын жарық өшеді. Комфорт класс деп төлегенбіз. «Бірден төлеңіз, сізде бәрі керемет болады» деп. Бізде бәрі жарықпен байланысты. Лифт те істемейді. Лифтіде кішкентай балаларымен бірнеше рет қалып қалған. Бір бала тұншығып, оған ауа жетпей қалды. Осы айдың ішінде күн сайын өшеді. Алдыңғы күні бір түнде алты рет өшті.
Кешендегі шешімін таппаған мәселелерге тұрғындар бұған дейін мердігерден мардымды жауап ала алмаған. Әбден ашынған жұрт қала әкімдігіне де бірнеше мәрте шағымданған. Алайда олардан да көңіл көншітерлік жауап болмады дейді. Десе де құрылыс компания өкілдері тұрғын үй кешені кезең-кезеңімен қолданысқа беріліп жатыр, жақын арада мәселенің шешілетінін айтып сендірді.
Әлия Тұрысбаева, QAZAQSTROY ЖШС сату бөлімінің маманы:
— Тұздыбастау станциясын күтіп отырмыз. Яғни «Тұздыбастау» станциясын 2024 жылдың аяғына дейін өткіземіз деп бірнеше рет айтқан. Біз соны тұрғындарға айтып келдік, осы уақытқа дейін. Қазіргі ақпарат бойынша, ол осы жылдың аяғына дейін үлгермейді. Олардың мерзімі 2025 жылдың бірінші тоқсаны деп отыр. Содан кейін бұл кісілерде өз электр энергиясы болады.
Тұрғын үй кешені қала аумағында орналасқанымен, мұндағы тұрғындар облыстан келетін жарықты тұтынады. Жергілікті әкімдіктегілердің де жауабы осыған саяды. Яғни шенеуніктердің ойынша, «Алтын сити» кешенінде ауыз толтырып айтатындай олқылық жоқ.
Диас Оразбеков, Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары:
— Бүгін біз «Қазақстроймен» сөйлестік. «Қазақстрой» өзі қосымша кабель тартады. Екіншіден басқарушы компания ол генераторды ауыстырады. Екіншіден, жарық бойынша «Алтын сити» Талғардан тоқ алып жатыр. «Тұздыбастау» станциясын бітірген соң, қалаға көшіреді. Оны қазір энергетика басқармасы салып жатыр.
Осылайша жауаптылар тұрғындарға бұл мәселенің жақын арада шешілуі екіталай деп отыр. Әбден берекесі қашқан жұрт мәселеміз жақын арада шешілмесе, соттың көмегіне жүгінеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!