{metadescription}
Трендке айналған жүзімді денсаулық сақтау министрлігі зертханаға тексеруге жіберді
Трендке айналған жүзімді денсаулық сақтау министрлігі зертханаға тексеруге жіберді

Трендке айналған жүзімді денсаулық сақтау министрлігі зертханаға тексеруге жіберді

Трендке айналған жүзімді денсаулық сақтау министрлігі зертханаға тексеруге жіберді. Нутрициологтар оның құрамындағы қант өзіміздің оңтүстікте өсірілген жүзімнен әлдеқайда көп деп дейді. Дубай шоколадын шаң қаптырған "шайн мускаттың" бағасы да қымбат. Алғаш рет Жапонияда өндірілген ерекше жеміс түрі аз уақытта Оңтүстік Кореяны жаулап, артынша жарнамасы желдей есіп, бүкіл әлемге тарады. Бізде де ішкен-жегенін салғыш блогерлер осы жеміске жұрттың қызығушылығын арттырып жіберді.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған shine muscat жүзімі Астанадағы базарларда самсап тұр. Бір қарағанда пішіні өте үлкен, кәдімгі жүзімдерден екі-үш есе үлкен екен. Ал дәмі... Қабығы жұқа, қытырлақ, дәмі тіл үйіреді, кивидің дәміне ұқсайды, шырыны мол.

Қазіргі заманда әркімде "тобыр инстинкті" ойнап, жұрттан қалмау үшін әлекке түсетін көрсеқызар көп. Бүгінде осы бір дәнегі жоқ жеміспен ұртын толтырып,  қытырлата жеп видео түсіру сәнге айналды. Белгілі бір әлеуметтік статустың белгісіне айналды ма дерсің...Есесіне, сатушылар темірді қызған кезде соғып, саудасын әбден қыздырған. Әкелген тауары сол күнде-ақ таусылып қалып жатыр.  

Арман Артықбаев, сатушы:

Бұның сатылымға шыққанына бір аптадай болды. Сегіз мыңнан болды, яғни бір қапшығы, келісі. Қазір бес мың теңгеден болып жатыр. Сатып алмас бұрын, Астана қаласында көтерме базардан тексеріп, асықпай, өзім дәмін көрдім, зертханадан шыққан қағазын тексердік.

Атышулы жүзімге құмартқандардың дені жарнама жетегіне еріп, «трендтен қалмайын, әйтеуір бір дәмін татайын» дейтін жастар. Одан қалды, ересектер де жүзімге жүз қарап, сөрені айналшақтап жүр.

Кәдімгі жүзім, сүйегі жоқ, тәттірек сияқты. Бір рет алып жеп көруге болатын шығар.

Сонша дәмді емес. Кәдімгі жүзімге жетпейді.

Айырмашылығы, біздікіне қарағанда балғын, жегің кеп тұрады.

Жүзім күштісі күшті. Тек дәл осы жүзімнің пайдасы жайлы ақпаратты майшаммен іздесең де. таппайсың. Ал зияны жайлы еміс-еміс естіп, аракідік видеодан таралғанын байқап жүрміз.

Өткен айда Таиланд зертханаларында Шайн мускат жүзімінің 24 сынамасы тексеріліп, оның 23-інде улы химиялық қалдықтар табылған. Мұны білген Тай билігі өре түрегеліп, зиянды өнімнің сатылымына тыйым салды.

Ал Қазақстанға сол Корей елінен де, көршілес Қытайдан да жүзімдер жәшік-жәшігімен еркін тасымалданып жатыр. Жауапты ведомство енді ғана сөрелерде төрден орын алған жемісті тексеруді бастағанын жеткізді.

Данагүл Қасқатаева,  ҚР ДСМ Санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің бас сарапшысы:

Министрлік комитетінің аймақтық департаменттары бақылауға сатып алу мақсатында осы жүзімді сатып алып, қазір сараптауға, зертханаға  жолдады. Қазір сатылымнан алынған өнімдер тексеріліп жатыр. Микотоксиндер, токсинді элементтер, пестицидтер және де т.б.қауіпсіздік талап бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Shine muscat жүзіміне қатысты улану фактіcі әзірге тіркелген жоқ және де тұтынушы тарапынан  арыз-шағым түспеді.

Дегенмен нутрициолог мамандар жүзімнің осы түрін тұтынбас бұрын, оны мұқият ас содасымен жуып алуға кеңес береді. Сондай-ақ, сатушылардан тауардың қауіпсіздік сертификатын сұрау керек екенін айтады.

Қарлығаш Сүйіндік, Астана медициналық университеті профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтының оқытушысы:

Басқа жүзімдермен салыстырған кезде қант деңгейі жоғарырақ. Оны тасымалдау, сақтау үшін, оны өсіру кезінде қолданылатын химиялық қоспалар, яғни пестицидтер мөлшері жоғары болуы мүмкін. Яғни орталық жүйке жүйесіне, ас қорыту жүйесіне кері әсерін, қауіпті әсерін тигізеді. Қант диабеті бар адамдарға өте зиян. Ал пестицидтер барлық адамға зиян. Әсіресе осал топ, ол бізде балалар мен қарт адамдар.  

Тренд торына түсіп, маркетинг құрбанына айналып, денсаулығыңызды құрбан ету немесе оның құрамы мен сапасына көз жеткізіп, күмәнді жемістен бойыңызды аулақ ұстау тікелей өзіңізге байланысты. Таңсық көрудің арты қайғылы жағдайға әкелмесе болғаны.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

15 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде