Субсидия атаулы қысқартылып, несие 5 пайызбен берілмек
Астықты тегін тарату ғана қалды. Егін салып, көл-көсір өнім алған солтүстіктегі шаруалар биыл тонналаған астықты сақтайтын элеватор таппай әлек. Қырман басын күндіз-түні күзеткен диқандардың бар үміті — Үкіметте. Мәжілісте вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған жұмыс тобы еңбек етіп, тер төккен шаруалардың түйткілін ортаға салды. Сөз етілген субсидияны қысқарту мен несиенің жаңа түрі қандай?
Автор: Айжан Шамшидин
18.11.2024
Биыл диқандар қамбаға 26 млн тонна астық түсіріп рекорд орнатқан. Санды санамалап, сүйіншілегенімізбен, сол ырыс ысырап бола ма деген қауіп бар. Солтүстіктегі астық қоймалары үш айдан бері аузы-мұрнынан шыққанша бидайға бөгіп тұруы соның бір дәлелі. Дүйсенбінің таңында ала жаздай еңбек еткен шаруалардың мәселесін ортаға салған жауапты сала басшылары мен Мәжіліс депутаттары үш сағат бойы мәселенің шешімін табуға тырысты.
Жигули Дайрабаев Мәжіліс депутаты:
— Қарап отырсақ, барлықтарыңыздың жағдайларыңыз жақсы. Теміржол жақсы, «Бәйтерек» жақсы, «АКК» жақсы, қалай жақсы болады сіздерде, мында фермерлерге жаман болып жатқанда? Сіздердің істеріңіз жабылып қалады ғой, егер фермерелер астық өткізіп, мал бақпаса? Сол үшін оң көзқараспен қараңыздар. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» деген әңгіме бар.
Астық тиеген көліктер иін тірескен күйде элеватордан орын таппай жүр. Көбінің мемлекеттен алған субсидияны қайтаратын уақыт та келген. Осындай 119 диқан ауыл шаруашылғы министрлігінен көмек сұрапты. Мәжіліске бүгін бас сұққан вице-премьер Серік Жұманғарин ең әуелі «көмек шағын кәсіпкерлерге көрсетіледі» деді. Бидайдан бөлек, шығымы жақсы қызылша өсіріп шығынға батқандар туралы да айтылды.
Серік Жұманғарин, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Қызылшадан шаруалар ешқашан кетпейді. Біз қаражатын береміз. Ешқандай күмән болмасын. Ал мұндай уақытша қиындықтар болады. Себебі неге болады? Себебі бізде қызылшаны өңдейтін тек үш зауыт бар: Ақсу, Көксу, Мерке. Бәрінің есептеген кезде көлемі 1 миллионға жетпейді.
Вице-премьер орақ тимей аспан астында қалған егінді көктемге дейін әйтүп-бүйтіп кәдеге асырамыз дейді. Салаға жауапты министр Айдарбек Сапаров мемлекеттен көмек алған шаруалардың қарызы 5 миллиардтан асқанын жеткізді. Шенеуніктің бидай мен қызылшадан да басқа бас қатыратын мәселесі шаш-етектен екен. Әңгіме халық арасында хит болған корей жүзіміне қатысты.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Жүзім жейтін уақыт жоқ. Өнім шекараға жеткізілгенде, біз оның сертификатына қараймыз. Біздің мамандар өнімнен сынама алып зертханаға жеткізеді. «Тексер» десеңіздер, тағы тексерейік. Өнім шекарада сертификат алғанда өнім сынамасын зертханаға өткіземіз. Біз зертхананың жұмысын күшейткіміз келеді.
Масағы майысып, сабағы сарғайған орақ тимеген бидай көктемге дейін қар астында жата бермек. Астық өндіру бойынша алдыңғы үштіктің алдын бермейтін елімізде сол өнімді сақтау мен тасымалдаудың шешімін таппай жатқанын бүгін вице-премьер Серік Жұманғариннің өзі де айтып отыр. Сондықтан келесі жылдан бастап тек шамасы жеткендер ғана егін салумен айналысады. Себебі, субсидия атаулы қысқартылып, несие 5 пайызбен берілетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!