«Миллиардтарды мандытпады». Алматыдағы Инновациялық технология паркі сынға ұшырады
Мемлекеттің миллиардтарын жұмсап, ал жұмысты мандытпады. Мәжілісмендер Алматыдағы Инновациялық технологиялар паркін осылай сынады. Инновациялық қызметті қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасын талқылаған депутаттар қыруар ақшаның есебін сұрады.
Автор: Мерей Қалиасқар
18.11.2024
Анас Баққожаев, Мәжіліс депутаты:
— Он жыл бұрынғы технопарк бағдарламасын қарасаңыз, "біз өз-өзімізді ақтап жұмыс істейміз" деген уәде берді. Ол уәде орындалған жоқ. Ақша миллиардтап кетті, мемлекеттік қолдау берді, салыққа жеңілдік берді. Сонда бұрынғы басшылар жұмыс істей алмады ма, осы күнге дейін? Егер істей алмаса, тексеріс неге ұйымдастырмайсыздар? Ол ақша қайда кетті? Өзін ақтау болады деп, тағы да сенеміз, 10 жылдан кейін кім кепіл береді, осы мәселеге қайта оралмайтынымызға?
Цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары осы уақытқа дейін сақталған қаражат аймақтарда ашылған 10-нан аса хабқа және бірқатар тиімді IT жобаларға жұмсалатынын жеткізді. Ал "өз-өзін ақтау" ол көп жылдық стратегияның жемісі және инновациялық даму бағытында едәуір шығын болғанымен, елімізге тигізер пайдасы аз емес дейді Қаныш Төлеушин.
Мәселен, 2020 жылы IT саласының экспорты 33 миллион долларды құрапты. Ал былтыр Ұлттық банк келтірген статистикаға сәйкес, экспорт 533 миллион долларға жеткен. Сондықтан жауапты министрлік жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік салық төлеп, салаға инвестиция тартуда оң нәтиже бар деп есептейді.
Сондай-ақ Алматыдағы технопарк пен Астана хабты біріктіру арқылы бюджет шығыны біршама үнемделеді деген сенімде.
Қаныш Төлеушин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі:
— Алматыдағы инновациялық хабпен Астанадағы хаб қосылса, онда біріншіден, тиімділігін арттырады деп ойлаймыз. Екіншіден, Астана хабта көзделген қолдау механизмі Алматыда да резиденттер пайдаланады. Бізде Егов бір ғой, бір бренд, бізде де осы хаб бір бренд болу керек. Осы заң жобасында көзделген нормалар қабылданатын болса, келесі жылдарда үкіметтен қарастыратын бюджет ресурсын азайтуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!