Мемқызметке қатысы жоқтар декларация тапсырудан босатылады
Зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер, жалпы бизнес пен мемлекеттік қызметке қатысы жоқтар декларация тапсыру машақатынан босатылады. Елімізде мұндай санаттағы адам саны 8 миллионнан асып жығылады.
Автор: Айжан Шамшидин
19.11.2024
Бұл шешім барлық ақпараттық жүйенің бүгінде цифрландырылуымен байланысты дейді Үкімет басшысы. Десе де, еш жерде жұмыс істемей немесе аз табыспен құны 74 млн теңгеден асатын мүлік алса, ол тексеріледі. Шетелде қымбат үйі, көлігі, есеп-шоттары бар бай-бағландар мен шенеуніктер, олардың жұбайы да бұрынғысынша, табысын жылда көрсетуі керек.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларация тұжырымдамасының қабылданғанына 14 жылдан асқан. Әу бастан бұл бай-манаптар мен шенеуніктердің жыл сайынғы табысын жария етіп, салық төлеуден жалтарғандардың ізін кесу мақсатында ойластырылған жүйе болатын. Жылы креслоға жайғасқан атқамінерлердің "лакшери өмір сүріп жүрген" жұбайларының да бар мал-мүлкі осылай жіпке тізелетін.
Бірер күн бұрын ғана мемлекет басшысы "жалпыға бірдей декларацияны оңтайландыратын кез келіп жетті" дегені сол еді, бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібі осы сауалға арналды.
Сонымен жаңа жылдан бастап үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, жалпы қарапайым азаматтар жаппай декларация тапсырып, халыққа қызмет көрсету оралықтарының алдын жағалаудан біржола босатылады. Яғни 8 миллион адам жеке табысы туралы есеп беріп бас қатырмайды.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
— 2025 жылы қалған барлық санаттағы адамдар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді. Сондықтан аталған мәселеге мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев декларацияның алғашқы үш кезеңінде 4 миллионннан астам адам дүние-мүлкін түгендеп, есеп берген деп отыр. Шет елдерде зәулім бір емес, бірнеше сарайы бар квазимемлекеттік сектордағы басшылар декларация тапсырудан босатылмайды.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
— Декларацияны келесі тұлғаларды қалдыру бойынша ұсынылады: 1) мемлекеттік қызметкерлер, 2) коммерциялық ұйымдардың квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, 3) Қазақстан территориясынан тыс жерде активі барларға және бір жыл ішінде сатып алғандарға, 4) 1 жыл ішінде құны 20 мың АЕК сатып алу жасағандарға 5) өз бетінше салық салынатын табыс тапқандарға.
Экономистер табысты мұндай жолмен көрсету жолдарының жойылғаны дұрыс болды деген пікірде. Себебі төлем қабілеттілігі бар азаматтардың барлық жеке деректері қаржы ұйымдарының мұрағатында сақталған. Сондықтан бос науқаншылық орынсыз алашапқынға алып келеді.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
— Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасын орындалуы 8 миллионға жуық азааттардың өмірін жеңілдеуге мүмкіндік береді. Өйткені, екінші деңгейлі банктердің адындағы еңбекке жарамды азаматтардың үлесі 80 пайыз. Яғни қанша пайыз табатынымыз, төлем қабілеттілігіміз, үйіміздегі жарымыздың қанша жалақы алатыны сияқты мәліметтің барлығы бар. Оның барлығы цифрландырылған.
Министр Мәди Тәкиевтің сөзінше, мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың дерекқоры бүгінде толық цифрландырылған. Алыс-беріс төлемнің 86 пайызы да электронды түрде жүзеге асады. Сондықтан қалтасы қалың азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер санатынан бөгде қарапайым қарашаның қалтасын тексеруде қажеттілік жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!