Уақыт өзгеріссіз қалды — Үкімет бұл мәселеге нүкте қойды
Өзгеріссіз қалды. Үкімет бесінші уақыт белдеуін қолдаймыз деп, қоғамда қызу талқыға айналған мәселеге нүкте қойды. Себебі қолданыстағы UTC+5 белдеуі географиялық тұрғыдан Қазақстанның көп бөлігін қамтиды әрі ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан да тиімді. Осылай деген премьер-министр бүгін сауда және интеграция мен мәдениет және ақпарат министрліктеріне неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.
Автор: Мерей Қалиасқар
19.11.2024
Елімізде алдыңғы, яғни, UTC+6 уақыт белдеуі алғаш рет 1930–1931 жылдары енгізілген. Содан бері ғасырға жуық уақыт қазақстандықтардың табиғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеуімен өмір сүруіне тура келіпті. Бұл, әсіресе, Қостанай мен Қызылорда облыстарына керіс әсерін тигізді деп санайды мамандар. Ал қазіргі қолданыстағы UTC+5 белдеуі бізге әсте таңсық емес, бұл тарихи негізделген уақытқа қайта оралу деп түсіндірді бүгін сауда министрі.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, бұл белдеу ел тұрғындарының 76 пайыздан астамын құрап, 67-ден 82 градусқа дейінгі бойлықты қамтиды. Сондықтан арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия ғылыми негізделген нақты дәлелдерге сүйеніп шешім қабылдады дейді министр. Ол бұған әдейі қарсы шығып, қоғамда қызу талқыға айналған тақырып төңірегінде жаңсақ пікір қалыптастырушылар барын да атады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі
— Арнайы білімі жоқ адамдар әлеуметтік желілерде өз қамы үшін барыншы тырысып, теріс пікірлерді алға тартып отыр. Оған қоса, азаматтардың денсаулығы мен экономикасына ұзақ уақыт бойы зардабын тигізетінін түсінбей, гипотеза мен өз ойын ортаға салады. Петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себепті анықтаған жоқ.
Бүгінде әлемде 195 елдің 117-сі стандартты уақыт белдеуіне барынша жақын географиялық уақытты таңдаған. Бұған адамның циркадиялық ырғағының табиғи жарық циклімен сәйкестігі себеп. Ғалымдардың зерттеуіне сүйеніп, осындай дәйек келтірген Шаққалиевтің баяндамасына премьер-министр оң бағасын беріп, уақыт белдеуіне қатысты даулы мәселеге нүкте қойды.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
— Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан, сондықтан ғылыми тұрғыдан бұл дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырамын.
Үкімет отырысынан арқаланып шыққан сауда министрі журналистер сұрағына да асықпай жауап берді. Мәселен, уақыт белдеуінің өзгеруі электр энергиясының құнына еш әсер етпегенін атап өтті. «Электр энергиясын тұтынуда айтарлықтай өсім болған жоқ» - дейді Шаққалиев. Ал мұндай қорытындыға электр көзін сатып алу көлемін салыстыру барысында келген.
Бұдан бөлек, ол ата-аналардан жылы лебіз естіп, уақыт ауысқалы бері балаларының ұйқысы қанып, мектепке жарықта барып жүргенін тілге тиек етті. Тіпті шығыс қазақстандықтармен кездесуде министрге шаруамен ерте айналысып, ерте аяқтауға керемет ыңғайы туды депті жұрт. Ол бұл тәжірибе өзі басқаратын министрлікте де де барын айтып, жұмыс кестесін бір сағат ерте бастауға қатысты пікірін білдірді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
— Көп өңірде 8-ден бастап жұмыс істеп жатыр, 8-ден 5-ке дейін. Министрлікте бізде үйлесімді график дейді ғой. 30 пайызы, мысалы, біз рұқсат береміз «таңертең ертерек бастайсыз, ертерек түскі ас ішесіз, ертерек кешке үйге қайтасыз». Мен қарсы емеспін.
Қолданыстағы уақыт белдеуі халықтың бір парасына жаққанымен, қарсы тараптың дабары белгілі. Бірі тіпті халықтың пікірі елеусіз қалды деп ел үкіметін сотқа берген екен. Арман Шаққалиев екі арыздың бірі нақты өтініш берушінің жоқтығына байланысты қанағаттандырылмағанын жеткізді. Ал екіншісі бойынша процессуалдық негіздер болғанымен, іс жүргізу сатысына сол күйі жетпеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!