Университет анықтамасымен заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер ұсталды
Таразда мемлекеттік университеттің анықтамасын алып заңсыз жұмыс істеп келген шетел азаматтары ұсталды. Еңбек мигранттары қолдан жасалған құжат арқылы маусымдық жұмысын алаңсыз атқарып келген. Мәселен 19 келімсек тексерушілерге Тараз мемлекеттік университетінің студентіміз деген анықтама көрсеткен.
Автор: Сәбит Әлдебай
21.11.2024
Тексеріс кезінде алты шетелдік азаматтың осы аймақтағы коледждердің анықтамасын алғаны белгілі болды. Олардың басым бөлігі -Өзбекстан мен Түрікменстан азаматтары. Жалған құжат жасаушыны прокуратура мамандары әшкерелеген. Енді күдікті екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, тексеріс кезінде Көші-қон полициясының да олқылыққа орын бергені анықталды. Олар бұған дейін ұсталған 180 шетелдік азаматқа ешқандай шара қолданбаған екен. Осылайша бармақ басты, көз қысты әрекетке барған миграция мамандары әкімшілік жазаға тартылмақ.
Асылхан Әбітбеков, Тараз прокуратурасының бөлім прокуроры:
— Өзбекстаннан келген 19 еңбек мигранты Тараз қаласы М.Х Дулати атындағы университетінің білімгері ретінде жалған құжат берілген. Бірақ олар оқу орындарының білімгері болмаған. Кінәлілер анықталды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 385-баптың бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!