{metadescription}
KFW: Қара, қоңыр, сұр түсті киім басым
KFW: Қара, қоңыр, сұр түсті киім басым

KFW: Қара, қоңыр, сұр түсті киім басым

Дизайнерлердің отыз бесінші бәйгесі басталды. Алматыдағы сән апталығына Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден келген сәнгерлер қатысуда. Олар тренд десе ішкен асын жерге қоятын сылқымдарға келер жылы қара, қоңыр, сұр түсті киімдерге басымдылық беруді ұсынды. Бұл жолы айдаһарды ақыртып, ұлуды ұлықтап шеберлер қиялына ерік берген.

Kazakstan fashion week Алматы төрінде осымен 20-шы жыл өткізіліп отыр. Мерейтойға орай биылғы шара ерекше ұйымдастырылған.  Кешке арнайы дресс-кодпен, яғни қара түсті киімде келу керек. Жалпы сән апталығында бүгін 26 дизайнердің топтамасы көрсетіліп, 150-ге жуық модель подиумға шыққан.

Аида Қауменова әйгілі дизайнер, әдеттегідей, бірінші болып сән апталығын ашты.Қонақтарды шалқасынан түсіргісі келген сәнгер көз майын тамызып, киімдеріне айдаһарды пішіп тіккен.

Аида Қауменова, дизайнер:

Жаңа топтаманың аты м айдаһар. Екі мықты тренд шығардық. Ол деген айдаһар суреті салынған мата. Сол матадан біз бірнеше әдемі киім тіктік.

Дизайнер келер жылы қоңыр, қара, сұр түстердің трендте қалатынын айтуда. Подиумда мисс Алматы да төбе көрсетті. Бес жыл бойы осы салада жүрген ару осы кеште бес дизайнердің топтамасын көрсететін модель екенін мақтана айтты. 

Елдана Сауранбаева, Miss Almaty 2024:

Бүгін бес дизайнермен жұмыс істеймін. Оның біріншісі  Аида Кауменова сахнаны ашатын боламыз. Онымен қоса тағы да төрт дизайнермен жұмыс істеймін. Шынымды айтсам, ешкімді бөліп-жара алмаймын, себебі, әр дизайнердің өз ерекшелігі бар. Біреуі табиғатқа арнады, біреуі жануарларға.

Сән индустриясының ығай-сығайы жиналатын шараға билетпен емес, арнайы шақыру билетімен ғана кіруге рұқсат. Қонақтардың бәрі қайталанбас киім-кешекті көруге, мүмкіндік болса, бірден шоу-румнан сатып алуға тырысады. Эстрада жұлдызы Роза Рымбаева да шығармашылық кешіне образ қарастыруға келіпті.  

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:

Келесі жолы, мысалы, осы киімдерді сахнаға киіп шығуым мүмкін. Халықаралық фестивальдерге көп қатысамын. Соған киіп, жоғарғы деңгейде жүруге болады. Маған өте ұнады. Сән әлемінің талғамы жылдан-жылға жақсаруда.

Ал жеңіл өнеркәсібі қатты дамып жатқан Қырғызстаннан келген  дизайнер Залқар Асқаралиев өзінің ашық стилдегі жаңа топтамаларын ұсынды. Соның өзін автор ұлттық нақышпен ұштастыра білген.

Залқар Асқаралиев, дизайнер  (Қырғызстан):

Соңғы кездері адамдардың бәрі  үнемі қара, сұр түсті киім киіп шығады. Жинағымыз «izi» деп аталады, қырғыз тілінен аударғанда «із». Бізге жеткен із және біз қалдыратын із. Бұл көрпешеден тігілген киімдер,  қырғыздардың ДНК коды сияқты.

Жылдан-жылға сән апталығының ауқымы мен аудиториясы әлдеқайда үлкейген. Трендке ілесу-ілеспеу әркімнің өз таңдауы. Стилистер киімнің қымбаты емес, сымбатыңызға жарасымдысы сәнді деген кеңес береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде