Талғарда уақытша ұстау изоляторының басшысы қызметінен босатылды
Салғырттығы үшін жұмыстан қуылды. Алматы облысы Талғар ауданындағы уақытша ұстау изоляторының басшысы қызметінен босатылды. Бір күдіктіні тергеу абақтысынан жіберіп алғаны үшін тағы 11 қызметкер жазаға тартылды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
21.11.2024
Бекарыс Қалмырзаев кәмілетке толмаған туыс қарындасын зорлады деген күдікпен өткен айда ұсталған еді. Алайда, оған тағылған ауыр айыптан гөрі, одан полицейлердің көз жазып қалуы жұртты елең еткізді. Қашқынды іздеуге тәртіп сақшыларымен қоса, төтеншеліктер мен тіпті ауыл тұрғындары да кірісті. Осылайша, араға төрт күн салып, күдікті өзі тұратын Тереңқара ауылының маңынан қолға түскен. Ағаш арасында жасырынып жатқанын тепловизермен жабдықталған дрон көрсетті. Осы оқиғадан кейін күдіктіні қадағалай алмаған изолятордың қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Меруерт Морякова, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
— Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданды: 12 қызметкер, оның ішінде бірқатар басшы атқаратын лауазымынан босатылғанға дейін қатаң тәртіптік жауапқа тартылды. Уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкері теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен бірге бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!