Алматы: «Нұркент» тұрғындары үй жанына кешен салынуына қарсы шықты
Ине шаншар жер жоқ. Алматыдағы «Нұркент» ықшамауданының тұрғындары дәл үйінің жанына жаңа кешеннің салынуына қарсылықтарын білдірді. Айтуларынша, құрылыс компаниясы кезінде балабақша немесе саябақ болуға тиіс орынға алты қабатты баспаналар тұрғызбақшы екен.
Автор: Әсем Лесбек
22.11.2024
Нысан бой көтерсе, тынысамыз тарылып, жүрерге жол қалмайды дейді. Тіпті жер сілкінсе, халық жиналатын орын қалмаған деп, әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ал ондағылар аталған жер телімі әу бастан тұрғын үй кешеніне арналған дейді.
«Нұркент» ықшамауданын салған құрылыс компаниясының әуелгі жоспары бойынша мұнда бір балабақша, бір мектеп және халық бой жазатын саябақ болуы тиіс болған. Бірақ бүгінде оның бірі жоқ. Тұрғын үйлер арасындағы алақандай аумаққа тағы көпқабатты баспана салынбақшы. Онсыз да үйлері тығыз орналасқан аудан жұрты бұған үзілді-кесілді қарсы.
Тұрғындардан құрылыс басталғалы маза қашқан. Қазір аумақ түгелдей қоршауға алынып, жұмысшылар іргетасының орнын қазуға кіріскен.
Нұрмахан Керімбеков:
— Халық шығып, сәл демалып, бой жазып жүретін жер жоқ. Жан-жақтың бәрінде көлік. Мына қоршау тұрған жердің негізгі мақсаты аллея салу болған. Қазір бұл жерді келді де, қолында бір құжаты жоқ, өзі меншіктеп алады да, біреу үш пәтер саламын, үй саламын дейді.
Қайрат Бұрғанбаев:
— Жер сілкінген кезде эвакуацияланатын аймақ жоқ. Міне, салынып жатыр. Ешқандай да тұрақ жоқ. Ешқандай да отыратын, демалатын жер жоқ. Әйел адамдар арбасын сүйретіп, машинаның шаңын жұтпау үшін «Алматы Аренаға» кетеді. Осы салайын деп жатқан құрылыс компаниясы — «Бута Феномен».
Ықшамаудандағы 40 үйде екі жарым мың пәтер бар. Ал ондағы тұрғын санын есептей беріңіз. Сәйкесінше, жақын маңдағы балабақшалар мен мектептерде бала санының көптігінен орын да жоқ. Жұрт соның салдарынан балаларымызды жан-жаққа тасимыз дейді.
Алма Қаражігітова:
— Балаларымыз қалаға балабақшаға жіберемін. Мына жақта орын жоқ. Екі баланы таңертең бір жарым сағат кептелісте тұрып апарамыз. Бас жоспар бойынша бізге осы жердің суреті болды, мына жерде балабақша сияқты бір ғимарат болды. Ал мына бетте саябақ. Ол сол күйі түскен жоқ.
Ал жер телімін сатып алған компания өкілімұнда құрылыс жүргізуге мекеменің рұқсаты бар дейді. Учаскі компанияға былтыр сәуір айында сатылған. Растайтын құжаты да бар екен.
Ибрагим Нефталиев, Аlma city construction ЖШС өкілі:
— Бүкіл растайтын құжаттар қолымызда бар. Үйлер салып жатырмыз. «Бута Феномен» деген. ҚР құрылысқа құжат алудың бір ғана тәртібі бар, сол тәртіпке сәйкес бүкіл құжат алынғаннан кейін құрылыс жүргізіліп жатыр. Кешен орнына саябақ болу керек деп айтып жатыр. Бірақ ол ақпаратты біз бірінші рет естіп тұрмыз.
Компанияның сөзін атқамінерлер де растады, сөзін жауапты мамандар да растады. Аталған жер теліміне тұрғын үй кешені салынады деген шешім әу бастан-ақ қабылданған дейді.
Дәурен Алмасбеков, Алатау ауданы бойынша жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру бөлімінің басшысы:
— Айтылған мекенжайда жер телімінінің мақсаты — қызмет көрсету объектілері мен жерасты паркингтері бар көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу және пайдалану. Осыған байланысты басқарманың мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде жер телімінің нысаналау мақсатына сәйкес, жер телімінің иесінің өтініші бойынша жобалау алдындағы құжаттамалар, яғни сәулет жоспарлау тапсырмасы және эскиз жобасы келісілген.
Көпқабатты үйлердің құрылысын тоқтатамыз деген тұрғындар райынан қайтар емес. Сотқа жүгініп, арыз қалдырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!