Төртінші мұнай өңдеу зауыты қашан, қай жерде салынады
Төртінші мұнай өңдеу зауыты қашан және қай жерде салынады? Энергетика министрі Үкіметтің ауқымды жоспарын бөлісті. Бірақ құрылыс бүгін-ертең басталғалмайды. Оны жұмыс тобы жан-жақты зерделеп жатыр. Алмасадам Сәтқалиев келер жылдан бастап жанармай қымбаттайтынын да айтты. Министрдің пікірінше, бұған себеп те жетерлік.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
25.11.2024
Мәжілістің пленарлық отырысы елдегі мұнай-газ өндірісіне арналды. Айтылған сан, сызылған жоспар көп. Бір анығы, мұнай өндіру көлемі төмендей бастаған. Өйткені негізгі кен орындарының сарқылатын күні таяу. Ал жаңасын табу оңай шаруа емес. Геологиялық барлау жұмысы да тым бәсең. Жаңа кен орындары табылғанның өзінде, ол жерде зөндірісті бастау, құбыр жүргізу сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға кем дегенде 5-10 жыл қажет. Бұл бағытқа қазір бет бұрып инвестиция құйсақ қана жемісін 2030 жылдан кейін көреміз дейді мәжілісмен Жаңбыршин.
Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:
— Шындығында да Сәтпаевтың кезеңіндегідей тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық барлау жүргізілген жоқ.Геологиялық барлаудың қазіргі барлау қарқынымен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, таяудағы 15 жылда еліміздегі көмірсутегі үлесінің таусылары анық.
Ал өндірістің төмендеуі талай салаға соққы болары анық. Энергия, соның ішінде жанармай тапшылығы 10 жылдан кейін анық сезілуі мүмкін. Үкімет бұған қазірден қамданып, кешенді жоспар құрып қойған. Жаңа, яғни 4-ші мұнай өңдеу зауытын салу 2030 жылдан кейін басталмақшы.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
— Төртінші мұнай өңдеу зауыты 2030 жылдан кейін салынады деп жоспарланып отыр. Тек мұнай ғана өңдемейді, мұнайгазхимия кешені болады. Яғни қажет мұнай-газ-химия өнімдерін өңдейді. Болжам бойынша, Батыс Қазақстан да салынады деп отырмыз. Ондағы межені 10 миллион тоннаға дейін жеткізбекпіз.
Жанармайға тапшылық қазір де бар. Осы жетіспеушілікті жабу үшін жұмыс істеп тұрған мұнай өндіру зауыттарын жаңалап тұру қажет. Оған қыруар қаржы қажет. Осының бәрі нарықтағы жанармай құнына әсер етері сөзсіз. Баға келер жылдан бастап көтеріледі дейді энергетика министрі.
Сәтқалиев бұл мәселені шешу үшін жетілген кен орындарын қолдау шарасы әзірленгенін айтты. Соның ішінде салық сипататында жаңа өндіріс технологиясын әзірлеуге және енгізуге міндетті түрде қайта инвестициялау шарты енгізілмекші. Бұл 2045 жылға қарай, шамамен 40 млн тонна мұнайды қосымша өндіруге мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!