Ақтөбе облысы: Тасқыннан пайда таппақ болған шенеунік жазаланды
Ақтөбе облысында тасқында пайда таппақ болған шенеунік жазаланды. Ойылдың Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы мен жолына жауапты басшы мердігерлерден пара алған.
Автор: Жаңалық Ахаш
25.11.2024
Көктемде Ойыл ауданында жүздеген үй қирап, жолдар мен көпірлерді су шайған еді. Шаңырағынан айырылғандар қайда барарын білмей қиналды. Ал бөлім басшысы Айнат Қазмағанбетов бас пайдасын ойлаған. Ол тасқыннан келген шығынды есептейтін бағалаушы компания басшыларынан пара алған. Алдымен екі жақты келісімшарт толтырып 100 мың теңге сұраған. Ақшаға құныққан шенеунік Ойылдың оңтүстік бөліміне электр сым тартатын мердігерден 500 мың алған.
Сотта бұрынғы шенеунік кінәсін бірден мойындады. Сол үшін судья айыппұлмен шектеуді жөн көрген. Сондай-ақ пара берген компания басшысы да жазасыз қалмады — он миллион теңге айыппұл төлейді. Бөлім басшысының айыппұлы одан 11 миллион теңгеге артық.
Жансая Таирова, Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің бас маманы:
— Сот үкімімен сотталушы К. ҚР ҚК 66-бабының 3-бөлігімен, 1-4-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кәнілі деп танып, оған параның 35 еселенген сомасында, яғни 21 миллион теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!