Алматы облысы: Қаройда саяжай тұрғындары жарыққа жарымай отыр
Алматы облысы Қарой елді мекеніндегі саяжай тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Күн суытқалы жарық жиі сөнетін болған. Электр қуатымен жұмыс істейтін пеш те сөніп, үйіміз суықтан азынап кетеді дейді жұрт. Жеті саяжайдағы жағдай сол іспеттес. Ортақ трансформатордың тілеуін тілегендер талай әкімдікке де шағымданыпты. Бірақ шенеуніктер тозған торапты тұрғындардың өзі жаңартуы тиіс деген.
Автор: Әсем Бақытжанова
25.11.2024
2016 жылы тұрғызылған трансформатордың саяжайды тоқпен қамтуға шамасы жетпейді. Ауа райы бұзылса, 150-ге жуық үйдің жарығы сөнеді. Электр қуаты болмаса, пеш те істемей, әбден берекеміз қашты дейді жұрт.
Қыс көзі қырауда жарық пен жылу тұрғындардың сары уайымы. Жарық өшсе, құбырдағы су қатып қала ма деп қорқады. Тоқ көзінің тұрақсыздығынан көбісінің үйіндегі тұрмыстық техникалары да күйіп кеткен.
Күлән Әлиасқарова:
— Жарық бірде бар, бірде жоқ. Қыс келе жатыр. Қыста тағы жиі өшеді. Бәрімізде газ болғандықтан, үйіміз де салқындап кетеді. От та болмай қалады. Бумен жылыту да қатып, тұрмыстық техника да істен ығады.
Көпбалалы ана Марина Сауытованың айтуынша, тариф биыл үш рет өскенімен, жарыққа сол күйі жарымаған. Қолындағы мүмкіндігі шектеулі баласын қараңғы, оған қоса суық үйде бағу оңай емес.
Марина Сауытова:
— Төрт балам бар. Жарымжан қызыммен отырмын. Бір жылда үш рет жарықтың бағасын көтерді. Соған татымай отыр ғой. Сонда мен мына балаға дәрі аламын ба, әлде жарық мәселесін шешемін бе?!
Жалпы Қараой округіне қарасты он жеті саяжай бар. Қазір соның жетеуінде осындай жағдай. Әрқайсысында шамамен 150 отбасы тұрады. Құдайдың құтты күні сөнген жарық жайлы жұрт жергілікті әкімдікке бір емес, бірнеше рет айтқан. Бірақ шенуніктер «қолдан келер шара жоқ» деп отыр.
Қайрат Ортыбаев, Қараой ауыл округінің әкімі:
— Трансформаторлардың тозығы жеткен. Оны жаңартуды саяжай кооперативтері жасау керек. Өздері ақша жинап жасайды. Әр саяжайдың өз төрағасы бар, солар айналысуы керек.
Бағдат Әбіжанов, «Алатау жарық компаниясы» аудандық электр торабының басшысы:
— «Алма» саяжайында электр қуатының үзілу мәселесі туындап тұрғаны, саяжайдағылардан, қаржыдан туындап тұр. Солардың трансформаторларынан. Әрине, коммуналдық желілерде де мәселелер бар. «Жарық электр компаниясының» қызметкерлері жыл сайын ақауды, тозған сымын ауыстырып, күрделі жөндеу жүргізеді. Бірақ «Алматы жарық компаниясы» трансформаторды толық ауыстыра алмайды. Өйткені бұл мүлік мемлекет меншігінде емес. Сондықтан электр энергиясы мәселесін саяжай тұрғындары өздері шешуі керек.
Ал тұрғындар жаңа трансформатор орнатуға «жағдайымыз жоқ» деп отыр. Өйткені жаңа құрылғыны сатып алып, оны орнатып, ай сайын жарыққа төлеп отыру — қып-қызыл ақша дейді. Сондықтан жергілікті жұрт саяжайды қаланың инженерлік желісіне қосуға талап қойды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!