«Еуразия» кинофестивалі: Көрермендер 21 фильмді тамашалай алады
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. Шара 15 елдің кино майталмандарының басын қосып отыр. Қарашаның соңына дейін жоспарланған байқауда көрермендер 21 фильмді тамашалай алады. Бағдарлама екіге бөлінген. Яғни тоғыз фильм Орталық Азия мен түркі әлемі киносына арналса, 12 жұмыс халықаралық бәйгеге түсті. Ал картинаның бағасын шетелден шақыртылған қазылар алқасы береді.
Автор: Шапағат Мырзабекова
25.11.2024
Биыл XVII Халықаралық «Еуразия» кинфестиваліне 15 ел қатысады. Барлығы өз туындысында жаһандық тақырыптарды қозғаған. Байқауда экология, гендер теңдігі, әлеуметтік дағдарыс тақырыптары ұсынылады.
Фестивальдің шымылдығын «Нам нужен доктор» кинофильмі ашты. Авторлар Шәкен Аймановтың 65 жыл бұрын түсірген картинасынан шабыт алған. Мұнда да оқиға 70 жастағы дәрігердің төңірегінде өрбиді. Әзіл-қалжыңын қазіргі уақытқа келістіріп, саундтрегін де өзгерткен. «Қазақфильмнің» жауһарын бродвейлік мюзиклға айналдырып, теңдесіз туынды шығардық дейді режиссерлердің бірі.
Равиль Трумов, «Нам нужен доктор» к/ф қоюшы режиссері:
— Жаңа туындыға көптеген 3D графика мен қызықты қозғалыстарды қостық. Көрермендер театрға келіп, шынайы қойылым көріп отырғандай болады. Өйткені билейтін 800-ге жуық адамды тарттық. Жалпы «Еуразия» кинофестивалі, ең алдымен жағымды эмоцияға арналған. Мұнда көптеген продюсер мен актер бір-бірімен танысып, өнердегі тәжірибесін ұштай алады.
Халықаралық байқау екі бірдей мерейтойға — ұлы режиссер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының 90 жылдығына арналып отыр.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
— Келесі жылдан бастап мәдениет және ақпарат министрлігі киностудияны қаржыландыру үшін заңды құқығына ие болады. Заң жобасы осы жылдың соңына дейін президентке жіберіледі. Заң қабылданған жағдайда, еліміздегі фильмдерге бөлінетін қаражаттың 30 пайызы тікелей «Қазақфильмге» жіберіледі. Бұл көптеген өзекті мәселені шешеді, киностудия мұрасын сақтауға көмектеседі және оның қаржылық жағдайын тұрақты етеді.
Биыл фестиваль көп жанрлы фильмдерімен ерекше. Еуропа, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің режиссерлері бақтарын сынауда. Ал кинобәйгенің жеңімпаздары мен үздіктері 29 қарашада жарияланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!