{metadescription}
«Жер сілкінісі». Жетісу облысында стратегиялық нысандарға мониторинг жасалды
«Жер сілкінісі». Жетісу облысында стратегиялық нысандарға мониторинг жасалды

«Жер сілкінісі». Жетісу облысында стратегиялық нысандарға мониторинг жасалды

Жетісу облысындағы жер сілкінісінен кейін стратегиялық нысандарға мониторинг жасалды. 4 балл дүмпуден зақым келген ғимараттар анықталмапты. Ошағы Жаркент пен Шонжы арасындағы аумақта тіркелген . Толқыны 250 шақырым жердегі Алматыға 2 балл болып жетуі — қозғалған тектоникалық қабаттардың тереңде орналаспауынан.

Түнгі сағат 23:42-де Жетісу облысының тұрғындары аяғынан тік тұрды. Жұрт 4 балл жер сілкінісін сезді. Ұйықтағалы жатқан тұрғындар жапа-тармағай далаға жүгірген.

Айнұр Дәуренбекова, Талды ауылының тұрғыны:

Біздің ауылымызда жер сілкінісі байқалды. Түнде қорқынышты болды. Бала-шағамыз аман, төрт көзіміз түгел, бауырымыз бүтін, Аллаға шүкір. Бірақ осындай жер сілкінісі енді болмаса екен.

Зілзала ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде орналасқан. Ол Жаркентте ғана емес, Текелі мен Шонжыда 3 балд қуатпен, ал Алматы мен Талдықорған қалаларында 2 балл сезілген. Осы жағдайға байланысты Жетісу облысында жедел желі іске қосылды. Алайда оған хабарласқандар болмапты.

Қалдыбек Төлеуұлы, Жетісу облысы ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

Қираған мүлік, залал шеккендер туралы ақпарат тіркелмеді. Тіршілікті қамтамасыз ету обьектілері, автожолдар, оның ішінде көпірлер штатты режимде жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар департаменті өз тарапынан облыс бойынша телерадиохабар таратуды ұстап қалу жүйесін және Панфилов ауданы бойынша құлақтандыру желісін іске қосты.

Сейсмологтар жер сілкісі бұл өңірлерге қалыпты жағдай деп отыр. Әсіресе еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысы сейсмикасы қауіпті аймақ болып есептеледі. Оның ішінде, Қытай және Қырғызстанмен шекаралас елді мекендерде қауіп басым. Бірақ биыл зілзала жиілеп кетті деуге келмес дейді мамандар.

Елизавета Есенжігітова, Сейсмологияны байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:

Биыл көп деп айта алмаймыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2022 жылы бүкіл Қазақстан аумағын толық қамтыған кезде, 10 мың жер сілкінісіне дейін жеткен. Қазір 7-8 мың, әрі кетсе 9 мыңға барады. Мұның бәрін біздің приборлар тіркейді.

Бірақ оның бәрі сезіле бермейді. Мәселен, Алматы маңында қарашаға дейін 360 жер сілкінісі тіркеліпті. Соның 32-сі ғана адамдарға сезілген.

Сейсмологтар жақын арада тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Айта кетерлігі, зілзала белгілі бір жыл мезгілінде, не уақытында болмайды. Ауа райы да оған әсер етпейді дейді мамандар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде