Уақыт белдеуіне қатысты сауалнама неге жоғалып кетті
ЕGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты пайда болып, кейін аяқасты жоғалып кеткен сауалнама жайы белгілі болды. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, әуел бастан-ақ халықтың пікірін білмекке ашылған айдар екен.
Автор: Айжан Шамшидин
26.11.2024
«Негізі сауалнама деп қабылдаған бұл жобаның астарында, қорытындысы негізінде зерттеу жүргізу мақсат бар», - дейді министр. Ал ауысқан уақыт белдеуіне қатысты қазақстандықтардың пікірін білмекке сауалнама ашу жөнінде ғылым және жоғары білім министрлігі қолқа салыпты.
«Тақырыпты қайта қозғағым келмейді» деген Мәдиев сөз соңында сауалды енді әріптесі Саясат Нұрбектің өзіне қоюды сұрады.
Айта кетейік, сауалнамада «Бұрынғы уақыт белдеуіне оралған дұрыс па?» деген сұрақ ортаға тасталған болатын. Ал бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі қабылданған шешімнің дұрыс-бұрыстығын түсініп, нақты шешім шығару үшін кем дегенде үш жыл қажет деген. Сол зерттеу жұмыстарына 150 миллион теңге жұмсалмақ.
Жаслан Мәдиев, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
— ЕGov мобильді қосымшасында Ғылым және жоғары білім министрлігі 5 сұрақтан тұратын сауалнама тастады. Қазіргі уақыт белдеуіне қатысты қазақстандықтардың пікірін білмекке ашылған сауалнама, белгіленген межеге жеткеннен кейін бірден бұғатталды. 200 мың адам дауыс беру тетігін басқаннан соң, зерттеу жүргізуге болады деген шешімге келдік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!