Ақтөбе: Инженерлік желісі жекенің қолында кеткен ықшамаудан жылусыз отыр
Ақтөбеде «ауқаттылар ауылы» саналатын ықшамаудан тұрғындары жарықтың күнара сөнетініне шағымданып отыр. Мұндағы газ қондырғысы тек электр қуатымен жұмыс істейді. Сондықтан жарық сөнсе, жылу да жоғалады. Ал шаһардың коммуналдық мекемелері бұл мәселені шеше алмайды. Өйткені ықшамауданның инженерлік желісі жекенің қолында.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.11.2024
Ақтөбе шетіндегі «Береке» деп аталатын ықшамаудан бай-бағландар мекені. Қалтаң қалың болмаса, бұл қалашықтан жер алып, баспана тұрғыза алмайсың. Бірақ элита ауданның тұрғындары қарашада шаңырақтарында суықтан дірдек қағып отыр. Ауқаттылар ауылында жарық күнара сөніп берекесі кеткен. Үй жылытатын газ қазандықтарының бәрі тоқпен істейді. Тұрмыстық техникамыз жанып бітті деп отыр.
Балтабай Тілеумағанбетов:
— Бір-екі рет телевизорым жанып кетті. Құрысын, телевизорға үндемейсің ғой. Бірақ үй іші шетінен ауыра бастады. Жылу жоқ.
Кәмшат Төлеуова:
— Үйімде жетпістегі әкем бар. Ауырып жатқан, төсек тартып жатыр Сағат төттен бастап әлі жарық та жоқ, жылу да жоқ. Баламның машинасында телефонды зарядтап келіп тұрмыз.
Он жыл бұрын бұл қалашықтан жеке құрылыс компаниясы жер сата бастаған. Инфрақұрылымына да солар жауапты. Газ құбыры мен электр желісін тартып үздісіз жұмыс істеуін қадағалуға тиіс. Сондықтан әкімдікке қарасты коммуналдық мекемелер жарық сөнсе, оған біз араласа алмаймыз дейді. Ал жауапты компания басшылары әкімдік балансына беруге құжат әзірлеп жатырмыз деп ақталды.
Мақсат Сәңкібаев, құрылыс компаниясының құрылтайшысы:
— 8 қарашада жобаны сараптамаға тапсырдық. Сараптаманы отыз күн ішінде қарайды. Қалай өтеді, солай қалаға береміз. Егер алса. Қала немесе тұрғын үй коммуналдық шаруашылық алу керек.
Ауқаттылар ауылына көпшіліктің сырттай қызыға қарайтыны рас. Ал өркениет игілігінен жұрдай бұл үйлердің тұрғындары арыз жазып, қыс түспей түйіткілін шешуге жанталасып жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!