Тарихпен терең танысып, тұмса табиғатты көргің келсе — Түркияға бар
Түркия тарихпен тереңірек танысуға, тұмса табиғатты көруге шақырады. Әсіресе шығыс Анатолиядағы ғасырлар бойы тұрған мәдени ескерткіштер алыстан мен мұңдалайды. Жергілікті археологтардың айтуынша, сәулет өнері туындыларының біздің заманымызға дейін сақталуы ұсталардың шеберлігінің арқасында бізге беймәлім.
Автор: Шапағат Мырзабекова
26.11.2024
Түркия тарихқа, мәдениет пен көне мұраға өте бай өлке. Мұнда туристер заманауи өмірдің қарбаласына қарамастан, мыңдаған жылдар бойы сақталып тұрған ғимараттарды көре алады. Олардың қатарында мына мешіт те бар. Шамамен тоғыз ғасыр бұрын салынған бұл мешіт шығыс Анатолиядағы Сиирт қаласының ең көрікті жері болып саналады.
Қалада көздің жауын алатын Ботан алқабы да бар. Ол Түркиядағы ең ірі әрі терең аңғарлардың бірі. Тарихқа сүйенсек, мұндағы тау соңғы мұз дәуірінде екіге қақ бөлінген екен. Қазір олардың ортасынан өзен ағады.
Рамазан Челиктюрк, гид:
— Ботан алқабы 2019 жылы ұлттық парк болып жарияланды. Мұнда жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде археологтар тау жартастарында 70-ге жуық үңгірлерді тапқан. Онда адамдар шамамен осыдан 12 мың жыл бұрын тұрған көрінеді. Тіпті тастардың арасында өзенге түсетін арнайы жол да бар. Қазір бұл алқапқа жылына 30 мыңнан астам турист келеді. Олар көбінесе қайықпен серуендеп, парашютпен ұшып жатады.
Ван қаласы біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта ақ үлкен қала болып есептелген. Ол мұндағы көл жағасынан бес шақырым жерде орналасқан. Вандағы ландшафттың әдемілігі сонша, қаланы көбінесе «Шығыс інжу-маржаны» деп атайды. Ал тау бөктерінде орналасқан Битлис қаласы Ескендір Зұлқарнайдың бұйрығымен салынған екен.
Рамазан Челиктюрк, гид:
— Біз қазір Диярбакыр ауданындағы Малабади көпірінде тұрмыз. Ол шамамен 12 ғасырда салынған. Бұл көпірдің ерекшелігі — екі жағында да арнайы бөлме қарастырылған. Барлығымызға мәлім, бұрындары бұл көпір Ұлы Жібек жолының негізгі бағыты болатын. Сол кездері мына бөлмеде садуагерлердің тауарларын тексерген, сондай-ақ бұл жерде адамдар дұға еткен.
Батманға жалғасқан Хасанкейф «Үңгірлер қаласы» деп аталады. Мұндай атау жартастарға қашалған тұрғын үйлерге байланысты қойылған. Бұл қаланың тарихы ежелгі дәуірден басталады. Алайда уақыт өте келе, екі өзендегі су деңгейі көтеріліп, қала судың астында қалған. Десе де қазба жұмыстары кезінде мамандар бірнеше мешіт пен хамамдарды басқа жағалауға көшірген. Ең қызығы, мына үңгірлерде әлі де адамдар отбасымен тұрады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!