Қарқынды құрылыс: Ақмола облысында бес мыңға жуық пәтер пайдалануға берілмек
Ақмола облысында тұрғынүй құрлысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл бес мыңға жуық пәтер пайдалануға берілмек. Оған республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ «Самрұқ Қазынадан» 26,5 миллиард теңге бөлінген.
Автор: Мерген Тоқсанбай
26.11.2024
Көппәтерлі тұрғын үйлердің басым бөлігі Көкшетау қаласында салынып жатыр. Қаланың көркін ашып еңсесін көтерген бұл үйлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған. Сонымен қатар пәтерлерді жалға алу, несиеге алу жолдары да қарастырылған. Биыл облыс бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған 840 отбасы баспаналы болмақ.
Нұрсұлтан Әлімов, Ақмола облысы құрылыс, сәулет және қала құрлысы басқармасының бөлімінің басшысы:
— Облыс аумағында ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қортындысы бойынша жалпы ауданы 493 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 4819 отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды.
Тұрғын үй құрылысы Степногор қаласы мен Жарқайың, Жақсы, Целиноград аудандарында да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Жақсы ауданында 27 пәтер, Жарқайың ауданында 80 пәтер, Целиноград ауданында 45 пәтерді жалға алуға болады. Ал Степногор қаласында 45 пәтер, Көкшетау қаласында 532 пәтерді несие арқылы рәсімдеудің мүмкіндігі бар.
Азамат Төлебеков, мердігер компанияның өкілі:
— Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша біз мына көпқабатты тұрғын үйлерді салып жатырмыз. Бұл бес қабатты тұрғын үйлерде 307 пәтер бар. Мұнда 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер болады. Тапсырыс беруші — Көкшетау құрылыс бөлімі.
Қазіргі көпқабатты үйлердің құрлысы аяқталып, енді тек ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртқы абаттандыруы қалған. Жыл соңына дейін атқарылуға тиісті жұмыстар тәмамдалып, пәтер кілті иелеріне табысталады деп жоспарлануда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!