Instagram мен Facebook-те отандық әндер неге жоғалып кетті
Қазақ әндері қайда жоғалды? Желі қолданушылары Instagram мен Facebook-тен отандық музыка туындыларын таппай қалды. Бұған әншілер де наразы. Сөйтсе, қазақ музыкасын халықаралық деңгейде ұсынатын Қазақстан авторлар қоғамы осы әлеуметтік желілер тиесілі компаниямен келісімшартты ұзарта алмапты. Яғни төлем жағынан келіспей қалса керек. Әншілер де авторлық қоғамдардан көк тиын алмағанына біраз болғанын айтып, тез арада әндерін желіге қайтаруды сұрап отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.11.2024
Көпшілік қазір Instagram не Facebook-ке Stories пен Reels саларда қазақ әндерін таба алмай жүр. Себебі, отандық әуендердің көбі іздеу жүйесінен шықпайды. Желі қолданышуларының бұрын жарияланған видеолары мен суреттері де әуенсіз қалған.
Әншілерге де бұл тосын жағдай. Көбі наразылығын әлеуметтік желілерде білдіріп жатыр. Платформадан өз әнін таппай қалғандардың бірі — Меруерт Түсіпбаева. Айтуынша, әндерінің Instagram-нан жойылатыны туралы алдын ала ешқандай ескерту алмапты.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
– Өз әндерімді таппадым. Мүлдем.Әндерім жоқ. Инстаграмнан, қазақ әндерінен бес-алтау ғана ән қалса, онда біздің тыңдаушыларымыз, оқырмандарымыз алады да, басқа тілдегі әншілердің, тренд әндерді қолданады. Ол, әрине, бізге минус.
Желіде қолданылған әндері үшін әнші ешқашан төлем алмаған. Алайда қазақ музыкасын халықаралық деңгейде ұсынатын авторлық қоғам Instagram, Facebook желілері кіретін META компаниясымен дәл осы төлем үшін келісе алмай қалған көрінеді. Сөйтіп арадағы серіктестік келісімшартты ұзарта алмаған. Қазір желіде америкалық компанияның ресми жауабы да тарап жатыр.
META компаниясы:
— Біз KazAK-пен серіктестік келісімді ұзарта алмадық. KazAK құқығы бар каталогты уақытша жоямыз. Яғни Facebook пен Instagram-дағы роликтер үшін KazAK ұсынған кез келген ән қазір қолжетімді емес. Біздің серіктестік арақатынас кезкелген сәтте өзгеруі мүмкін.
Ал бұл мәселеге жауапты Қазақстан авторлары қоғамы әзірге үнсіз.
Алматыдағы Қазақстан авторлары қоғамының кеңсесі. Инстаграмдағы жоғалған қазақ әндерінің құқығы дәл осы қоғамдық бірлестікке тиесілі. Бүгін туындаған мәселе туралы мұндағылардан сұрауға тырысып едік. Өкінішке қарай, жауап ала алмадық.
Авторлық қоғам басшылығы жақын күндері жағдайды түсіндіріп береміз деп уәде етті. Ал осындай ұйымдар қарайтын әділет министрлігі мәселеге енді ғана кіріскен. Айтуларынша, Қазақстан авторлары қоғамы META компаниясынан түсетін төлемді арттыру үшін тиісті шара қолданып жатыр.
Мұхтар Әбдезов, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік комитетінің бас сарапшысы:
– Меtа компаниясы мен KazAK ұжымдық ұйымының арасында келісімшарттың аяқталуына орай, осы қазақстандық әншілердің туындылары Instagram платформасында шектелді. Менің ойымша, бүгінгі таңда сол бойынша жұмыс жүргізіледі. Ұжымдық ұйымдармен бірлесе отырып.
Отандық эстрада жұлдыздары әндеріміз тезірек әлеуметтік желілерге қайтарылса дейді. Тіпті бұл үшін өздері де әрекет етуге кіріскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!