Төтенше жағдай: Құрманғазы ауданында мал аштан қырылуы мүмкін
Төрт түлік қыста қырылып қалуы мүмкін. Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының шаруалары осылай деп, әкімдіктің алдына жиналды. Олар биыл қыста малымыз аштан қырылуы мүмкін деп дабыл қағуда. Өйткені жайылым жердің бәрін киік таптап тастаған. Сондықтан жем-шөп сатып алуға әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Автор: Жанат Молдашова
27.11.2024
Думан Меңдеш, шаруа:
— Амал жоқ. Үкіметтен көмек болмағаннан кейін өз күшімен әупірімдеп шөп алып жатыр. Бір маясы 15 мың татиды. Cонда бір қожалық 100 мая алса, 1,5 млн. 1 мың маяға 15 млн теңге кетеді.
Шаруалар Азғыр өңірінде 300-500 мыңдай киік жүргенін айтады. Ақбөкендер шабындық пен жайылымның бәрін тып-типыл еткен. Малмен күн көріп отырған халық қыстық жем-шөпсіз қалдық дейді. Осы уақытқа дейін жергілікті билік бір амалын табар деп сенген малшылар, амалсыздан 500 шақырымды артқа тастап, облыс басшыларымен кездесуге келген.
Шаруалардың шағымын облыс әкімінің орынбасары тыңдап, Құрманғазы ауданындағы ахуалға байланысты төтенше жағдай жарияланатынын айтты.
Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
— Біріншіден ол аймақта орын алған жағдайға байланысты төтенше жағдай қабылдау, екіншіден, министрліктің тиісті құқықтық актілеріне негізделеміз. Төиенше жағдайды осы аптада қабылдаймыз. Тиісті қаулының орындалуына он шақты күндей қосымша уақыт талап етіледі. Желтоқсан айында бұл қаражатты алатындай мүмкіндік пайда болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!