Кинопродюсер Әнел Сартаева екі жарым жылға сотталды
Кинопродюсер Әнел Сартаева екі жарым жылға сотталды. Ол автобусқа жол бермей, бір адамның қазасына әкелген апатқа кінәлі деп танылды.
Автор: Шапағат Мырзабекова
29.11.2024
Сот үкімімен 28 жастағы әйел жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Бірақ судья, кинопродюсердің кішкентай баласы барын ескерді. Енді ол абақтыға тек үш жылдан кейін аттанбақ. Оған дейін үйқамақта отыратын Әнел Сартаеваның бір күні екі күн болып есептелетін болады. Оған қоса кинопродюсер бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 26 маусымда болған. 18-ші бағыттағы автобус пен «Киа Спортейдж» соқтығысып, 20 жастағы автобус жолаушысы көз жұмды. Жарақат алған 24 адам ауруханаға жеткізілген болатын.
Қайрат Иманқұлов, Алмалы ауданы сотының судьясы:
— Сартаева өзіне тағылған айыпты мойындады. Сот бұл қылмыстық істі қысқа уақытта қарап шықты. Өйткені жәбірленушінің өкілі Қаражанов айыпталуышыны кешіріп, жазаны жеңілдетуді сұрады. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен басқа азаматтардан айыпталушыға қосымша талаптар болмады. Сартаеваның өз кінәсін мойындауы, істеген ісіне өкінуі, 9 айлық баласы бары – осыларды ескере отырып, сот 74-баб бойынша жаза тағайындады. Сараптамаларды өткізу үшін процессуалдық шығындар өндірілді. Сартаевадан жәбірленушіге мәжбүрлі түрде төлем өндірілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!