{metadescription}
Теңге тағы әлсіреп, доллар 12 теңгеге қымбаттады. Үкімет жоспары қандай?
Теңге тағы әлсіреп, доллар 12 теңгеге қымбаттады. Үкімет жоспары қандай?

Теңге тағы әлсіреп, доллар 12 теңгеге қымбаттады. Үкімет жоспары қандай?

Теңге тағы әлсіреп, доллар 12 теңгеге қымбаттады. АҚШ валютасы қазір айырбас орындарында 530-531 теңгеден сатылып жатыр. Қаржы нарығындағы осы жағдайға байланысты бүгін ұлттық экономика министрі арнайы брифинг өткізіп, мәлімдеме жасады. «Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе шешім қабылдайды» деген Нұрлан Байбазаров, теңгенің әлсіреуін сыртқы әсермен байланыстырды. Дегенмен бұл мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне еш әсер етпейді, қайта, жаңа жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы индексацияланады дейді министр. Ал инфляция мен бағаны бетімен жібермес үшін Үкіметтің жоспары қандай?

Нұрлан Байбазаров ұлттық валюта бағамының әлсіреуіне доллардың әлем бойынша нығаюы, мұнай құнының төмендеуі мен рубльдің әлсіреуі себеп деп отыр. Соңғысына келсек, Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі, сондықтан рубль бағамындағы ауытқулар тікелей теңгеге әсер етеді дейді ұлттық экономика министрі. Дегенмен дүрлікпеуге шақырды. Себебі еліміздің қаржылық жағдайы тұрақты әрі тығырықтан шығу үшін мемлекет резерві жеткілікті. Ал дефолт жайлы тіпті сөз қозғаудың өзі артық деп есептейді министр.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Ешқандай дефолт күтілмейді. Үкіметтен де, квазимемлекеттік пен банк секторынан да. Импортқа келсек, құрылыс материалдары, түрлі жабдықтар мен техникаға және т.б. тәуелділік бар. Оны төмендету үшін үкімет белсенді жұмыс жүргізіп, агроөнеркәсіп пен өндірістік салада жобаларды іске асыруда. Ал валюталық ауытқу болды, бар және бола береді. Бастысы, дер кезінде әрекет ету. 

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі толық көлемде орындалып жатыр және одан әрі қарай да орындала береді деді Байбазаров. Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақы 8,5, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5 пайызға артпақ. Сонымен қатар базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру жалғасын табады. Алдағы жылға арналған республикалық бюджетте 42 түрлі әлеуметтік төлем бойынша 6 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылыпты. Осылайша республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн-ға жуық қазақстандық отбасы жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алады.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

  2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5 пайызға индекстеледі. Жалпы 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалы отбасыларға 875 млрдтеңге қарастырылған. Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау атаулы әлеуметтік көмек көрсету арқылы жалғастырылатын болады.

Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін жаңа егіннің қоры пайдаланылмақ. Қысқы және көктемгі маусымаралықта азық-түліктің айтарлықтай қоры, дәлірек айтқанда, қоймаларда 826 мың тоннадан астам негізгі азық-түліктің 29 түрі бар. Және ол қорлар елдің бірнеше айлық қажеттілігін өтеуге қабілетті.

Министр сондай-ақ, маусымаралық кезеңде ішкі нарықты көкөніспен толықтыру үшін жақын шетелден ерте пісетін көкөністерді жеткізу үшін жасыл дәліз ұйымдастырылып жатқан айтты. Ал шұжық, ірімшік пен сүт өнімдері импорттық тауарлар қатарында болғандықтан, бағасы өседі.

Сондай-ақ, тұрғын үй нарығында да баға өзгеруі ықтимал. Дегенмен ұлттық экономика министрі доллар бағамы 600-ге жетпейтініне сенім артып отыр.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Біз болжамымызды айттық қой, өзгерткен жоқпыз. Орташа жылдық бағамды біз 470 деп болжап, сол арқылы өзіміздің есеп-қисамызды жасап отырмыз. Келесі жылдың бірінші тоқсанында белгілі болады. Айта кетейін, валюта бағамының деңгейі ғана емес, біздің негізгі экспорт тауарымыз мұнайдың да бағасы қатты әсер ететін болады. Егер бірінші тоқсанда бағалардың төмендеуі жалғасатын болса, тиісінше, республикалық бюджеттің параметрі қайта қаралады.

Қорыта келе, Нұрлан Байбазаров дүрбелеңге еріп, қазір теңгені долларға айырбастауға асыққан азаматтар кейін опық жеп, тығырыққа тірелуі мүмкін дейді. Ол 2022 жылы алыпсатарлардан АҚШ валютасын 600 теңгеге сатып алып, келеңсіз жағдайда қалғанын еске салды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде