Қарағанды халқы медициналық қалдық жоятын пештің орнатылуына қарсы шықты
Қарағанды іргесіндегі тұрғындар жақын маңда медициналық қалдықтарды жоятын пештің орнатылуына қарсы. Айтуларынша, улы түтін ауаға тарап, халықтың денсаулығына зиян тигізеді. Ол ауданда онсыз да көмір түсіретін теміржол тұйықталатын жер бар. Шаң жұтып отырғаны аздай, енді түтінге қақалатын жай жоқ дейді олар. Десе де медициналық қалдықтарды жағатын пеш орнатылып та қойыпты. Оған кәсіпкердің рұқсаты да жоқ, қоғамдық тыңдалым да өткізілмеген.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
02.12.2024
Медициналық қалдықтарды жағатын пешті орнатуға ел аузында «Курьянов» деп кеткен аудан тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. Олар мұржадан шыққан түтін денсаулыққа қауіп төндіреді дейді. Айтуынша, ауыл онсыз да түрлі өнеркәсіп орындары мен күл төгетін жердің ортасында тұр.
Сайлаубек Майауызов:
— Маңайымыз толған экологияға қарсы зауыттар, бәрін салып тастады. Енді мына зауытты саламыз деп жатыр. Мұнда дәрі жағады, соның қалдығын жағады дейді, ол өте зиянды. Осыны тоқтатуды сұраймыз, Бізге бұл зауыттың керегі жоқ. Онсыз да экологиямыз оңбай тұр.
Елдің әу бастан қарсы болғанына қарамастан, кәсіпкер қалдық жағатын пешті орнатып тастаған. Құны 30 миллион теңге тұрады дейді. Бірақ бұл іспен айналысуға әлі рұқсат алмапты.
Мейрам Қазымов кәсіпкер:
— Бірінше кезеңде қоқыстың өзін жағамыз. Екінші кезеңде 1000 градусқа дейінгі ыстықда медициналық қалдықтар, дәрі-дәрмек, химиялық заттар түгел балқып жоқ болады. Үшінші кезеңде пеште бар сүзгілер жанған заттардың иісін алады. Сондықтан пеште жану процесі болса, мұржадан таза ауа шығады деуге болады. Әзірге рұқсатымыз жоғы рас, бірақ біз соны халыққа түсіндіруге келдік.
Мемлекеттік сараптамадан өткізілмей, рұқсатсыз орнатылған пешті көрген облыстық экология департаменті өкілдері де аң-таң.
Дамир Рамаев, Қарағанды облысының экология департаменті өкілі:
— Пеш немесе цехтың салынуына экология департаменті тарапынан рұқсат қағаз берілген жоқ. Мұны ресми түрде мәлімдеймін. Оны алу үшін қойылатын талап көп. Соның бірі де біздің қолымызға тиген жоқ. Қоғамдық тыңдалым да өткізілмеген.
Орнатылып қойған пеш жайында 17 желтоқсан күні ресми қоғамдық тыңдалым өткізілмек, бірақ тұрғындар құзырлы органдарға шағым жазып, 1000 адамның қолын жинап үлгерген. Сондықтан медициналық қалдық жағатын пешті алдыртып тастаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!