{metadescription}
Елордада элиталы коттедж қалашығы жарықсыз, сусыз қалды
Елордада элиталы коттедж қалашығы жарықсыз, сусыз қалды

Елордада элиталы коттедж қалашығы жарықсыз, сусыз қалды

Елордада элит санатта коттедж қалашығы сарышұнақ аязда жарықсыз, сусыз отыр. Тұрғындар миллиондарға сатып алынған баспанасының қаңырап, аяздан есіктері сіресіп тұрғанына наразы. Әсіресе мұндағы жұрттың жүйкесіне салмақ түсіргені — жарты үйдің бағасына татитын удай жөндеу жұмыстарының құрдымға кеткені. Мәселені шешіп берер деген үмітпен коттедж иелері қала әкімдігі пен құрылысты тапсырған жауапты мердігерді жағалап жүр.

Астана іргесінде қара халық маңайлай алмайтын, тек жақсы мен жайсаңға арналған "Тұмар гранд вилладж" коттедж қалашығы. Бір типтес салынған мұндағы 40 үйдің сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Екіқабатты алыстан мен мұндалап көз тартатын зәулім үйлердің құны кемі 100 миллион теңгеден басталады. Ал ішін айтпаса да түсінікті. 200 шаршы метрден 500-ге дейін жалғаса береді. Тек екінің біріне бұйыра бермейтін мұндай баспаналарда жарық жиі өшеді. Ал судың әрбір тамшысы алтыннан қымбат.

Бұлай дейтініміз, қабырғасы көтеріле сала, «үйіміз дайын болды-ау» деген мәз болып, артынып-тартынып келген мұндағы тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылған. Элит санаттағы баспана деп жүргені сөз жүзінде ғана болып шықты. Ал шынтуайтында қалталылар тұратын бұл қалашықтың балауыз шаммен күнелтуі екі күннің біріндегі үйреншікті тірлікке айналған.

Диляра Батырханова:

Балаларға жағдай жасалмаған. Түнде тоңады. Екі көрпемен ұйықтаймыз. Балалаға ешқандай жағдй жасалмаған. Жағдайымыз нашар. Жедел жәрдем шақырсақ, дер кезінде келмейді.

Мұндағы жұрттың қыс көзі қырауда тап мұндай жағдайға түсуіне не себеп болғанын тұрғындардың өзі кесіп-пішіп айта алмайды. Үйді пайдалануға берген құрылыс компаниясы дейін десе, олар әкімдікті кінәлайды. Әкімдіктен сұраса, құрылыс компаниясына жөн сілтейді. Осылайша тұрғындар ортада жекеменшік электр желісінің иесіне кіріптар.

Жомарт Бөкенбаев:

Жарты линия Малиева Фарида Якубовна дегеннен аламыз. Жартысы өзімізге қарайды. Сол жарты линия үшін бізге осы жаңа жылдан бастап 5 миллион теңге сұрап жатыр. Бір жылға. Ондай ақшамыз жоқ. 40 үйміз. Сонда 5 миллионды 40 адамға бөлсе, қаншадан екенін де санамадым.

Ал біз санадық. Орта есеппен 40 шаңырақ 125 000 теңгені қалтасынан шығару керек. Алайда коттедж тұрғындары бір тиын да төлеуге ниеті жоқ. Себебі қымбатқа алған үйлерінің су мен жарықтан ада болуына іші ашиды. Жауапты құрылыс компаниясы «әкімдік әуелгі уәдесінен тайқып кетті» деген ұстанымда. 

Әбілхан Тәжімбетов, құрылыс компаниясының директоры:

Бізде 2016 жылы Астана қаласының бас жоспарына кіргізіп жатқанда инфрақұрылым, техжағдай, барлығына шешім алған кезде, газ, жарық, кәріз жүйесін, жолды әкімдік істеп беру керек болған. Жылда су басады. Келесі жылға қалды деп келе жатырмыз.

Ал аудандық әкімдік арнамызға берген жазбаша жауабында үйді салған құрылыс компаниясының ізіне түсіп, сотқа беруден басқа амал жоқ деп отыр. Себебі, мердігер Есіл аудандық әкімдігінің дерегінше, қалашықтың құрылысын жоспарлау мен тұрақты түрде электр желілеріне қосу жұмыстарын аяқсыз тастап кеткен. Астана энергетика басқармасы да бұл элит санаттағы қалашыққа жаңа желі жуырда тартылмайтынын растады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.