«Жаман ырым». Көкшетауда жұртты шулатқан қабірлер қайта көмілді
Көкшетаудағы мұсылмандар зиратында жүз шақты көр қазылды. Алдын ала дайындалған қабірді көрген тұрғындар шулап отыр. «Бұл — жаман ырым, өлім шақырады» - дейді олар. Ал имамдар жерге тоң түсіп аяз қысқанда қабір қазудың қиын екенін айтады. Сондықтан күн жылыда жер дайындап қоюды ұйғарыпты. Алайда халықтың наразылығынан кейін қазылған қабірлер қайта көмілді.
Автор: Мерген Тоқсанбай
03.12.2024
Көкшетаудағы мұсылмандар зиратында бірден 100 шақты көр қазып тастаған. Мұны жаман ырымға балап әлеуметтік желіде шу шыққан соң, мешіт қызметкерлері жағдайды ушытырмай, қазылғанды қайта көміп тастады. Алайда кейбіреуінің беті әлі де ашық жатыр.
Жер қатты, қар қалың, қақаған қыста көр қазу қиын болады деп, қабіршілер күн жылыда 100 шақты шұңқыр қазып тастапты. Тіпті әрқайсысын 150 мың теңгеден сатқан. «Қыс қамын жазда ойла» деген олардың бұл ісін ерсі көрген жұрт, «бұл өлім шақырғанмен бірдей» дейді.
Қуаныш Оспан:
— Сұмдық жағдай. Сорақы жағдай. Хабардармыз, көріп жатырмыз. Ертеректе дін өкілдерінің тарапынан сондай салт болған деп, көркем әдебиеттен оқитынбыз. «Табыт қағу салты» дейді. Түсім азайып кетті, пайда жоқ, өлім-жітім азайып кетті деп, сондай сұмдық жасайтын болған дейді ертеректе. Сол сияқты, қазақтың өзі ырым-тыйымы да бар ғой. Қазылып қойған көр – адамның өлімін тілеп жатады.
Қоғам пікірі екіге жарылып, бірі — дәстүрімізде жоқ нәрсе, ырымға жаман десе, екінші жақ ауа райының қолайсыздығына байланысты осылай қабірді ерте дайындаған дұрыс дейді.
Бақыт Смағұл:
— Үш-төрт адамның күшімен қазу мүлде мүмкін емес. Сондықтан да зират басында қазылып қойған қабірлердің бір сыры осында ма деп ойлаймын. Өйткені бүгін адам қайтып, ертең жерлеу керек болса, екінші күні зират басындағы бір-екі адаммен ғана қазу мүмкін емес. Оған қазір туыстары да бара қоймайды.
Ал ислам дінін насихаттаушы имамдар бұл жағдай бұрын да болған дейді. Сондықтан халықты сабырға шақырып, мәселеге түсініспен қарауды өтінді.
Ұлан Беркімбайұлы, Науан Хазірет мешітінің наиб имамы:
— Зират қыста ғана, осылай соңғы екі жылда қазылып келе жатыр. Күзде, қыста жер қатты болғандықтан, алдын ала қазып қояды, осындай бірнеше қабірді. Бұл соңғы бір жылда, екі жылда қардың аз түсуіне байланысты, жер бір жарым метрге дейін қатып қалады. Қыста кейбір мәйіт 3-4 күнге кешігіп қалған кездер де болды.
Халық наразылығынан кейін қазылған қабірлер қайта көмілді. Адам қайтыс болса, екінші рет қайта қазуға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!