Алматыда полиция көлігінен қашып кеткен күдіктіні іздеп жатыр
Алматыда полицияның қарауыл жасағы көлігінен қашып кеткен күдіктіні тәртіп сақшылары жер-көктен іздеп жатыр. Фотосуреті жарияланып, жеке басы анықталғанымен, оның қайда жасырынып жатқаны әлі белгісіз.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
05.12.2024
28 жастағы Қуандық Аубакри бөтеннің мүлкін ұрлады деген күдікке ілінген. Ол тұтынқындалып, қолына кісен салынғанымен, сол күйі қамалмай кетті. Күні кеше Сүйінбай мен Бекмаханов көшесінің қиылысында полицейлердің көлігінде отырған жерінен жоқ болған. Тәртіп сақшылары бір тәулік бойы іздеп таппаған. Енді бүгін оның фотосуретін жариялады. Бойы 165-170 сантиметр, арықтау келген, шашы қара, көзі қоңыр. Қашқын Алматы облысының тумасы. Күдіктіден көз жазып қалған полицейлерге қатысты қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
— Айдауылдау қызметінің қызмет көлігінен қашып кеткен, бөтеннің мүлкін ұрлады деп айыпталған сотталушыны ұстауға бағытталған жедел іздестіру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайін анықтау үшін қызметтік тергеу басталды. Бұзушылыққа жол бергендер қатаң жауапқа тартылады. Оқиғаның мән жәйі анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!