Ақтөбе: Ақжар ауылындағы жолда адам өлімі жиілеген
Ақтөбе шетіндегі Ақжар ауылының маңындағы жолда адам өлімі көбейген. Айналдырған бір айда үш адамды көлік қағып мерт қылды. Себебі: күре жолдағы қауіпсіздік сақталмаған дейді тұрғындар. Жолды тақтайдай тегіс қылып жөндегенімен, бағдаршам қосылмай, жарық жөнді берілмеді деп отыр. Ал әкімдік мердігерден әлі қабылдап алған жоқпыз дейді. Жол апатының жиілеуіне байланысты бағдаршам дереу іске қосылатын болды.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.12.2024
Ақтөбе шетіндегі Ақжар ауылы маңындағы трассаны тұрғындар «ажал жолы» деп атайды. Айналдырған бір ай ішінде осы жерде үш адамды көлік қағып кетіп, олар қаза тапқан.
Соңғы оқиға түнде болды. 46 жастағы азамат жол шетімен кетіп бара жатқан кезде жеңіл көлік қағып, сол жерде мерт болды. Осы қазадан соң жол бойындағы қауіпсіздіктің сақталмауына ашынған тұрғындар жиналды.
Анарбек Айжарықов:
— Бір айдың ішінде үш адам өлді, жол апатынан. Үш отбасы отағасынан айрылып қалды. Бағдаршам жұмыс істемейді. Жарық дұрыс емес. Үлкейтілген жарық болуы керек, ол да жоқ.
Ерұзақ Баймағанбетов:
— Қаншама адам, жас балалар, елуге толмаған екі көршіміз кетіп қалды. Аяймыз, үйін асырап отырған. Негізі, біздің өткел дұрыс емес.
Бұл жолдың екі жағында екі ауыл қоныстанған. Бірінде — Ақжар, екіншісінде — Жаңа Қарғалы елдімекені. Трассада былтыр ғана жөндеу жүргізіліп, тоғыз шақырымы жаңартылған. Бірақ әлі күнге дейін жол бойындағы бағдаршамдар істемейді. Жарығы да мардымсыз. Әкімдік әлі мердігерден оны қабылдап алғанымыз жоқ деп отыр. Тәртіп сақшылары адам өлімінен соң, бағдаршамдарды шұғыл іске қосатын болды деп отыр.
Әсет Қалиев, Ақтөбе полиция басқармасының бастығы:
— Бұл жолды әлі тапсырған жоқ, ол келер жылға жоспарланған. Қажет белгілер орнатылған. Жарықтандыру да бар. Бағдаршамды қосу мәселесі жақын арада, бір-екі күнде шешілу керек. Біз полиция тарапынан әкімшілікке ұсыныс енгіздік.
Ақжар трассасының бойында жоба бойынша 11 бағдаршам мен 28 аялдама орнатылуы керек. Шенеуніктер жұмыс жоспарға сәйкес келер жылы аяқталады деп сендіреді. Ал жерасты, не жол үстінен өтетін өткелдің қажеті жоқ деп шешкен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!