Алматы: Алатау ауданының құбыр жүргізу ісі аяқсыз қалған
Су сұрап, жолдан айырылды. Алматыда Алатау ауданының тұрғындары ойқы-шойқы жол шаршатты деп, мердігер мекемеге өкпелі. Су құбыры мен кәріз жүйесін жүргіземіз деп, бізді әбігерге салды дейді. Жағдайды жақсартып, «барлық үйге су тартылады» деген бастаманың соңы көшенің ми батпаққа айналуына алып келген. Құбыр жүргізу ісі аяқсыз қалып, қазылған шұңқырлар да бітелмепті. Алатау ауданындағы көлік түгілі, жаяу адам жүргісіз күйге түскен жолдың жағдайын КТК тілшісі көріп қайтты.
Автор: Ақтоты Жұмабек
06.12.2024
«Рахат мәдениет» ықшамауданының тұрғындары ойқыш-ойқыш жолмен жүруге мәжбүр. Қазір мұнда жаяу түгілі, көлікпен жүрудің өзі бір қиямет. Жұрттың айтуынша, олар мұнда тасжолды аудан бой көтергелі көрмеген. «Тас төселген жолымызды бұзып, қайта жөндемей кеткеніне алты ай болды» дейді наразы жұрт. Әуелде көшелер су құбыры мен кәріз жүйесін орнату үшін қазылған екен, ақыры сол күйі қалған. «Үйімізге кіріп-шығудың өзі қиынға соқты» деп, жұрт мұңын шағып отыр.
Гөзел Пауланова:
— Балаларға да қолайсыз. Машина кіре алмайды. Аяқ алып жүру қиын. Көше пакет-пакет қоқысқа толып кетті. Балаларға кигізіп жібереміз,ол жарты жолда аяғы лайланып, қалып қалады. Бұлар жұмысты ойына келген уақытта істейді де, тоқтата салады. Он жылдың ішінде салып бергені бір ғана мектеп. Бірақ оған барудың өзі үлкен проблема.
Ауыз судан бастап, жарық пен жолға жарымаған жұрт арызын жіпке тізді. Айтуларынша, жөнді жолдың жоқтығы көшенің тазалығына да кесірін тигізіп отыр дейді. Тіпті такси түгілі, жедел жәрдем де келмейтін болған.
Мәдина Алдаркөсеева:
—Қолымда жүре алмайтын бала бар. Соған бола жедел жәрдем шақырамын. Апта сайын дәрігерлер келетін, ал қазір келмейді. Біз осы ай бойы мектепке барған жоқпыз. Үш рет қана бардық. Анық түсініктемеміз жоқ, лайға батып жатырмыз, болды. Жаңбырда тіпті баттасып отырамыз. Арғы бетіне өте алмай тұрмыз, кранмен өткізіп береді.
Жергілікті шенеуніктер мұнда инфрақұрылым жүйесі әлі аяқталмағанын сылтауратып отыр. Асфальт жолды олар тек су құбыры мен кәріз жүйесін толық тартқаннан кейін ғана салмақшы. Ал ол жұмыстың аяқталуы келесі жылға жоспарланған.
Мәди Топарбай, Алатау ауданы әкімі аппаратының инженерлік бөлімінің басшысы:
— 2023 жылдың жазынан бастап мердігер мекеме сапа құрылыс инжинерлік су және кәріз жүйесі құрылысын атқаруда. Бұл жоба бойынша 140 километр желі қарастырылған. Бүгінгі таңда 140 километрдің 30 километрі салынды. Су және кәріз жүйесі құрылысының жобасында асфальт жабыны қалпына келтіру қарастырылмаған. Инжинерлік желі толық салынып біткен соң, жол құрылысы басталады.
Шенеуніктердің айтуынша, мұнда жол құрылысы инженерлік желілер толық салынып біткен соң ғана басталады. Ал 36 шақырым болатын жолды жасауға жоба-смета әзірленіп жатыр екен.
Данияр Надырқанов, перспективті дамыту және жобалау бөлімінің бастығы:
— Алматы қаласының мобильділік басқармасы Алатау ауданының «Рахат мәдениет» шағынауданында ұзындығы 36 шақырым жолды салуға арналған жоба-смета әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Енді құрылыс монтаж, су құбыры, кәріз жүйесі, тағы басқа осы сияқты инжинерлік-коммуникация толық жүргізілгеннен кейін ғана қолға алынады.
Жалпы бұл ықшам ауданда үш мыңға жуық түтін бар. Олар қазір ми батпақта жүрсе де, болашақта тас жол салынады деп үміттенеді. Атқамінерлер тиісті жұмыс жоспар бойынша жалғасса, келер жылдан бастап жол да реттеледі деп отыр. Ал,оған дейін әр тұрғын өзімен бірге резеңке етік, целлофан қап немесе ауыстыратын таза аяқ киімді алып жүруіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!