{metadescription}
Премьер-министр: «Баспана кезегінде тек мұқтаж азаматтар ғана болуы керек»
Премьер-министр: «Баспана кезегінде тек мұқтаж азаматтар ғана болуы керек»

Премьер-министр: «Баспана кезегінде тек мұқтаж азаматтар ғана болуы керек»

Баспана кезегінде тек мұқтаж азаматтар ғана болуы керек. Құрылыс саласын дамытуға арналған Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр осылай деді. Құрылыс секторын одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шаралар іске асырылып жатқанымен, нәтижесіне Олжас Бектеновтың көңілі толмады. Бұған тұрғын үйлердің сапасына қатысты сансыз шағым себеп. Инженерлік желілердің жоқтығы мен құрылыс нысандарының уақтылы іске қосылмайтыны тағы бар.

Бүгінде ел экономикасында құрылыс саласының үлесі жалпы ішкі өнімнің 5,6 пайызын құрайды. Көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Сондай-ақ биыл республика бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44 пайызға жоғары. Үкіметтегі баяндамасын өнеркәсіп және құрылыс министрі бүгін жақсы жаңалықпен бастады.

Қанат Шарлапаевтығ сөзінше, әлеуметтік осал топтарға қолжетімді баспана ұсынуға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ал бұған дейін жалдамалы пәтер ретінде пайдаланылған 50 мыңнан астап үй жекеге берілмекші.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр. 

Дегенмен тұрғын үйге қатысты бағдарламаларға премьер-министрдің көңілі толып отырған жоқ. Баспана кезегінде тұрғандардың тізімі әлі күнге дейін бір жүйеге келтірілмеген. Бұл  бір. Екіншіден  инженерлік желілерді тарту мәселесі де мәз емес. Инфрақұрылымның жоқтығынан объектілерді іске қосу тым ұзаққа созылып кетеді. Үкімет басшысы құрылыстың санымен қатар сапасын да естен шығармау керек екенін атап өтті. Тағы бір өткір проблема – үлес құрылыстағы заңбұзушылық.

Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:

Көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Қазір Мәжіліс Үлестік құрылыс мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет. Бұған қоса, үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін қауіптерді толығымен жоюға тиіс.

Тұрғын үй құрылысына қосымша серпін беруі тиіс жаңа ипотекалық бағдарламалар да сөз болды. Мысалы мамырда іске қосылған «Наурыз» бағдарламасы аясында осы жылы 300 млрд теңгеге 12 000 ипотекалық несие беру жоспарлануда. Бұл тұста доллардың қымбаттауы ипотекалық бағдарламаларға әсер ете ме деген сауал бұқараны алаңдатып отыр. «Отбасы банктің» басшысы «Наурыз» бен «Отау» бағдарламаларына қатысушылардың баспана құнына әсер етпейді деп сендірді. Себебі елімізде ипотекалық несие бұрыннан тек ұлттық валютамен берілген.

Бұдан бөлек, Ләззат Ибрагимова келер жылы "Наурыз" бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны 20 пайыздан 10 пайызға төмендететінін жеткізді.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

Көптеген сатып алушылар тұрғын үйді дайын күйде алғанын қалайды. Өйткені жөндеу жұмыстарына шығын көбейіп кетеді. Сондықтан банк Тұрғын үй құрылыс компаниялардың ассоциациясымен бірқатар кездесу өткізді. Олар порталға пәтерлерді дайын күйінде қояды. Ал сатып алушылар пәтерді 10 пайызды салу арқылы келісім береді. Бұл 2025 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі.

Бұл ретте депозиттегі бастапқы жарна 2 миллион теңгеден кем болмау керек. Ал екінші пәтер алғысы келетін қазақстандықтарға «Отбасы банк» басшысы туыстары көмектесу керек деп санайды. Өйткені мемлекеттің көмегі тек мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан өз атыңызда пәтеріңіз болса, «Отбасы банк» басшысы жақындарыңыздың қолдауымен баспана құнының 50 пайызын жинап, үйлі болуға мүмкіндік мол деп кеңес берді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде