Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысындағы білім ошағына автобус тарту етті
Президент Ақтөбе облысындағы білім ошақтарының біріне автобус тарту етті. Осы өңірге жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау ауданындағы тірек мектеп пен болашақ кеншілерді даярлайтын колледжде болды. Студенттер президентке ерекше көңіл бөлгені үшін ризалығын жеткізді.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.12.2024
Санида Әлібекқызы, Хромтау жоғарғы тау-кен техникалық колледжінің студенті:
— Болашақ кен байытушымын. Мамандығым жұмысшы мамандықтарының қатарына кіреді. Сонымен қатар тау-кен саласында маңызды жұмыстың бірін істейміз. Яғни хром кен өңдеп, пайдалы компоненттер мен қалдықтарға бөлеміз. Болшақта таңдаған мамандығым белсенді дамып, әр маман иесі өзіне лайық мәртебеге ие болса деймін. Сіздің бастау алған бастамаңызға қолдау білдіріп, береке мен сәттілік тілейміз.
45 жыл бұрын ашылған колледжде студенттер теориясын тәжірибемен ұштастыратын дуалды оқыту жүйесін қолданады. Осындағы шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді. Білім ордасының түлектерінің барлығы жергілікті тау-кен өндіріс орындарында еңбек етіп жатыр.
Президент Хромтаудағы жаңадан ашылатын «Болашақ» шахтасында да барды. Бұл кәсіпорынға триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. 1800 адам жұмысқа қабылданады. Президенттің арнайы тартуына ие болған Хромтау мектебі ауылдағы шағын білім ошақтарының да дамуына көмектесіп жатыр. Тірек мектеп ретінде ауыл мұғалімдеріне білім сапасын арттыру үшін жаңа технологияны игеруді үйретіп, біліктілігін арттырады. Арнайы ашық сабаққа мемлекет басшысы да қатысты.
Президент одан соң Ақтөбе облысының орталығына келіп, құбыр зауытын аралады. Жергілікті тауар өндірушілердің көрмесімен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев сапар соңында Ақтөбе облысы әкімінің есебін тыңдап, алдағы екі жылға жоспарланған инвестициялық жобалармен танысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!