Алматыда автобус жолаушыларын тонап жүрген ұры ұсталды
Алматыда автобус жолаушыларын тонап жүрген ұры ұсталды. Жұрттың ұялы телефонын алып‑сатумен айналысқан оның сыбайласы да қамауға алынды.
Автор: Шапағат Мырзабекова
10.12.2024
28 жастағы ұры қоғамдық көлікке таңғы және кешкі қарбалас кезде мініп, арам пиғылын жүзеге асырып отырған. Ол адамдардың қалтасынан смартфонды алып, ары қарай келіскен адамына өткізіп келіпті. Қазір полицейлер екеуін де қамауға алды. Күдіктілерден 15 ұялы телефон тәркіленді. Олар енді үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Айта кетейік, жыл басынан бері ел бойынша криминалдық полиция қызметкерлері 400-ден астам осындай сұғанақты ұстап, 500-ге жуық қылмыстық іс қозғаған.
Қанат Нұрмағамбетов, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы:
— Ішкі істер министрлігі қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда. Алматы полициясы қалта ұрысын, «гастролерді» ұстады. Ол қарбалас уақытта қоғамдық көлік жолаушыларынан ұялы телефон ұрлаған. Сонымен қатар ұрлаған телефондарды сатып алушы да ұсталды. 15 телефон тәркіленді. Қылмыскер қамауға алынды. Жыл басынан криминалдық полиция қызметкерлері республика бойынша 417 қалта ұрысын ұстады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!