«Сырым» бекетінде жүздеген көліктің кептелісте тұрғанына екі күн болды — БҚО
Батыс Қазақстан облысының көршілес Ресейге шығатын «Сырым» кеден бекетінде жүздеген көлік кептелісте тұр. Жүк тиеген 500 машина шекарадан не әрі, не бері өте алмайды. Осылай тұрғанына бір тәуліктен асқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.12.2024
Рахым Құрбанов, көлік жүргізушісі:
— Қозғалмай тұрғанымызға екінші тәулікке кетіп барады. Қалтамыздағы ақша да, азық-түлігіміз де түгесілді. Күтуден басқа амал жоқ. Ресей жағы ауа райына байланысты шекараны жауып тастаған деп жатыр.
Расында да бекеттегі кептеліске боран мен көктайғақ себеп болған. Кеше Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, аяздан жол көк мұзға айналған. Ал арғы беттегі Ресейде ақтүтек боран. Қауіпсіздік үшін жүк көліктерін шекарадан жіберуді тоқтатқан. Кептелістің ұзындығы түс ауа 13 шақырымнан асты. Жол сақшылары күні бойы трассада кезекшілікте жүр. Еліміздің кеденшілері жүк көлігінің жүргізушілеріне кезек күтіп босқа тұрғанша, боран басылып, жолдағы мұз ерігенге дейін жақын маңдағы қонақ үйлерге аялдауды сұрап жатыр. Оған көнбегені бағытын өзге облыстардағы кеден бекеттеріне бұруға кеңес береді. Ресей елінің төтенше жағдайлар министрлігі шекарадағы шектеу бүгін түнге дейін алынбайды деген еді. Бірақ қазір жүк көліктерін біртіндеп жібере бастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!