Қызметкері пара алған Ойыл ауданының әкіміне қатаң сөгіс берілді
Ақтөбе облысында тасқын кезінде қарамағындағы қызметкердің ашкөздікке салынып пара алғаны үшін Ойыл ауданының әкімі қатаң сөгіс алды. Қиын кезде бақылауды қолынан шығарып алған Асқар Қазыбаев былтыр сайланған әкім болғандықтан, әзірге қызметін сақтап қалыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.12.2024
Астанада брифингте есеп берген Асхат Шахаровқа қойылған сұрақтың дені биылғы тасқынға байланысты болды. Оның ішінде төтенше жағдай жарияланған Ойыл ауданы да тыс қалмады. Бұл ауданда көктемде бір ауыл картадан жойылса, бүтін бір елді мекен топан су астында қалды. Осындай қиын сәтте аудандық әкімдіктің білдей бөлім басшысы құлаған үйлер мен бүлінген жолдарға келген шығынды бағалауға тиіс компания басшыларынан пара алған. Ақыры сотта оны мойындап, айыппұлмен құтылды.
Ойыл ауданының әкімі де қарамағындағылардың қитұрқы әрекеті үшін соншалықты жаза арқаламаған. Осы өңірдің әкімі Асхат Шахаров тек қатаң сөгіс берумен шектелді. Енді шалыс басса ғана қызметінен айырылуы мүмкін деп отыр. Дегенмен Асқар Қазыбаевтың орынбасарларына қатысты тексеру жүріп жатыр. «Жауапқа да тартылады» деп сендірді облыс әкімі.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
— Әр кемшілік бойынша баға береміз. Жаңағы аталған фактілер, ол белгілі. Орынбасарлары да қазір жауапқа тартылады. Бірақ ол өзі сайланған әкім, халық сайлады. Әрине, кемшіліктер болса, осыған байланысты шара қолдандық — қатаң сөгіс бердік. Егер тағы да қателітер болса, оны қарастырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!