{metadescription}
Алматыда бір тәулікте 22 сантиметрге жететін қар жауды
Алматыда бір тәулікте 22 сантиметрге жететін қар жауды

Алматыда бір тәулікте 22 сантиметрге жететін қар жауды

Алматыны қалың қар басып, коммуналдық қызмет біраз әбігерге түсті. Қар тазалауға 600 техника мен мыңнан аса жұмысшы жұмылдырылған. Қолайсыз ауа райынан Алматы әуежайында бірнеше рейс кейінге шегерілді. Ал бір тәулікте 14 көлік апаты тіркеліпті. Дегенмен ақ ұлпаны асыға күткен қала тұрғындары балаша қуанды. Ақ мамыққа оранған Алматы көрінісін жұрт желіге жариялап, мерекенің жақындап қалғанын жазып жатыр.

Алматыда бір тәулікте 22 сантиметрге дейін қар жауды. Ақ ұлпаның қалыңдығы әсіресе таулы жерде екі есе үлкен. Бұл жағдай мереке күні коммуналшыларды әбігерге салды. Олар таңнан бері көшені қардан тазартумен жүр, 600 техника мен мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олар тек тротуарды ғана емес, алаңдармен, тіпті субұрқақтардың айналасын да тазалап жатыр.

Садық Байжанов, жұмысшы:

Сағат 8-ден бастап жұмысқа шығамыз. Сонымен қатар субұрқақтар бар. Әліміз жеткенше істейміз. Міне, тағы қар жауып жатыр. Мүмкін кешкісін тағы да тазартамыз. Тағы да жабамыз, тағы да күрейміз.

Толассыз жауған қардың кесірінен сапарға шықпақ болғандар жолынан қалды. Алматы әуежайында бірнеше рейс уақтылы ұша алмай кейінге шегерілген. Қар толастағанымен, рейстердің кестесі әлі де реттеліп жатыр.

Тілек Әбдірахымов, Air Astana АҚ корпоратив коммуникациялар жөніндегі менеджері:

«Эйр Астана» әуе компаниясының кешегі рейстері Алматыда қалың қар және мұзға қарсы өңдеудің мүмкін еместігіне байланысты бүгінге ауыстырылды. Бүгінгі рейстің бәрі мұзға қарсы өңдеу кезегіне байланысты кешіктіріліп ұшады. Жолаушылардан рейстердің ұшу кестесін авиакомпания сайтында алдын ала тексеруді сұраймыз.

Жол тайғақ, жүргізушілер де жылдамдықты тежеуге мәжбүр. Бір тәулікте көшеде 14 көлік апаты тіркелді, - дейді полицейлер. Ақ ұлпа тек қарапайым тұрғындарды қуантып отыр. Олар бұл көрініс мерекелік көңіл күй сыйлайды дейді.

Қардың жауғаны жақсы. Егістікке жақсы.

Ауа тазарады. Адамның көңілі көтеріледі. Алматыда қар 1-2 күн аппақ болады да, арты қап-қара болып кетеді. Соған сәл жүрегіміз ауырады. Өзіме қар ұнайды.

Қар тазалауға шығамыз. Ауладағы жұмысшыларға көмектесеміз, бала-шағамызбен. Жақсы. Қар көңіл-күйді көтеріп жатыр.

Қазір Алматыда қар жауып тұрған жоқ. Ертең қалада күн райы бірқалыпты, яғни ауа температурасы күндіз 3 градус жылы болады деп болжануда. Десе де апта соңында қар қайта жаууы ықтимал. Сондықтан мамандар көлік жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде