Талғарда жаңа әкім — тұрғындар Арыстанбек Әбілқайырұлын қолдады
Жасөспірім қазасынан соң әкімі қызметінен кеткен Талғар қаласында жаңа басшы сайланды. Дауыс беру қорытындысы бойынша халықтың басым бөлігі Арыстанбек Әбілқайырұлын қолдаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
16.12.2024
Ол тоғыз мыңнан аса тұрғынның таңдауының арқасында Талғар қаласының әкімі атанып отыр. Мұнда дауыс беру құқығы бар 43 мыңға жуық адам болса, соның 13 мыңдайы ғана саяси науқанға қатысыпты. Яғни халықтың белсенділігі төмен. Ал әкім лауазымынан үш кандидаттың үміті болған. Сайлаушылардың 182-сі үшеуіне де қарсы дауыс беріпті.
Еске салсақ, қазанның басында Талғарда азық-түлік дүкенінен шыққан жанжал төбелеске ұласып, 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Араға аз уақыт салып қара жамылған отбасының үйін белгісіз біреулер қасақана өртеп кетті. Осыдан соң өз міндетін дұрыс орындамағаны үшін Талғардың сол кездегі әкімі Бақыт Күрішбеков облыс басшысының бұйрығымен қызметінен босатылған-ды. Екі ай бос болған шенеуніктің орнына 41 жастағы Талғар қаласының тумасы Арыстанбек Әбілқайырұлы жайғаспақ.
Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы:
— 2024 жылы 15 желтоқсанда Талғар ауданы Талғар қаласының әкімін сайлау өтті. Сайлаушылар тізіміне 42 774 азамат енгізілді. Дауыс беруге 12 875 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен Талғар қаласының әкімі болып Арыстанбек Әбілқайырұлы сайланды. Ол 1983 жылы туған, «Талғар тұрғын үй» ЖШС директоры, Талғар қаласының тұрғыны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!