Көмек қажет: Алматылық ұстаз, үш ұлдың анасының жағдайы нашарлап барады
Алматылық ұстаз Айжан Тұрлыбековаға көмек қажет. Үш ұлдың анасының жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Тоғыз жыл бұрын соңғы жүктілігінен кейін екі бүйрегі семіп қалған. Қазір тек арнайы қондырғы арқылы қанын тазартып отыр. Бүйрегін шұғыл аустырмаса, жанын аман алып қалу қиын. Бірақ қымбат отаға отбасының ақшасы жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.12.2024
Айжан 10 жыл бойы Қазақ - Америка университетінде журналистикадан дәріс берді. Студенттерінің сүйікті ұстазы болып қана қоймай, отбасының да ұйытқысы бола білді. Үшінші ұлын босанған соң, жеті айдан кейін денсаулығы күрт нашарлапты. Қос бүйрегі істемей, содан бері гемодиализ көмегімен жүріп-тұрады. Соңғы жылдары жұмыс істеуге де қауқары жетпей, төсектен әрең тұрып, ауруханаға жақындарының сүймелдеуімен барады. 43 жастағы ананың жүрегі бірден сыр беруі мүмкін дейді дәрігерлер. Сондықтан шұғыл бүйрегін ауыстыру қажет. Ондай отаны дәл қазір Қазақстанда жасамайды. Себебі донор — тапшы. Күйеуінің ағзасы да сәйкес келмейді. Ал Беларусь астанасындағы ауруханалар отаға әзір. Минскінің мамандары ол қызметін 32 миллион теңгеге бағалаған. Тұрлыбековтер отбасы КТК арнасының көрермендері арқылы осыған дейін ақшаның үштен бірін жинаған еді. Отағасы да құр жатқан жоқ. Тәулік бойы такси айдаса да қаржы жетпей жатыр. Сондықтан жомарт жандардан көмек сұрайды.
Нұрхан Оспанқұлова, А. Тұрлыбекованың анасы:
— Халқымнан көмек сұраймын. Мүмкіндік келгенше қызыма көмек көрсетсе екен дейімін. Қазір оның қиналғаны сонша, екі бүйрегінен былай тұрсын, жүрегіне әсер етіп жатыр. Тездетіп операция жасалса деген ойдамын. Алла жар болсын. Халқым, көмек берсеңіздер, мүмкіндігінше.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!