Жасыл желек. Метро. Бейнекамера. Алматы әкімі 2025 жылға жоспарын жариялады
Алматы көшелеріндегі бейнебақылау камерасының саны артады. Ал жаңа метрополитенді ұзарту жұмысы көктемде басталады. Бұл туралды қала әкімі Ерболат Досаев айтты. Биылғы жылды қорытындылаған шенеунік келер жылғы жоспарын жіпке тізді. Ерболат Досаев 2025 жылы қалада жасыл желек санын көбейтуге ерекше мән бермек. «Сайран» бекетінің коммуналдық меншікке өту мәселесі де қаралып жатыр.
Автор: Шапағат Мырзабекова
18.12.2024
Жылда қала басшысы таудай талапты үйіп-төгіп, жету керек жетістіктерді жіпке тізеді. Бүгін алғаш болып қала экономикасы туралы сөз қозғалды. Ерболат Досаев былтырмен салыстырғанда келер жылы көрсеткіш бар-жоғы бір пайызға көтеріліп, ал бюджет қаражаты екі есеге өсетінін айтты. Қала басшысы, әсіресе, жасыл желекке көңіл бөлмек. Ендігі жылы көшелерге 27 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
— 2025 жылдан бастап Алматы әкімдігі алғаш рет ірі көлемде көшеттер отырғызады. Ол агрессивті қала ортасында өмір сүруге ие және ыңғайлы кеңесті қарқынды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың көшетті бірінші рет отырғызу жоспарлануда. Алматы жасыл желекті қорғау мен күту ережесінде 2023 жылдан бастап суғару жүйесін міндетті түрде жүргізу жөніндегі норма енгізілді.
Баспасөз жиналысында көптің көкейінде жүрген кептеліс мәселесі де айтылды. Яғни мегаполисте енді 35 жаңа жол салынып, 300 шақырым асфальт жөнделмек. Тіпті метро станцияларының құрылысы да қолға алынатын көрінеді. Қала басшысының сөзіне сенсек, көктемде әуежай мен Қалқаман бекеттері бірдей салына бастайды. Ал оған жұмсалатын қаржы 1 миллиард АҚШ долларын құрап отыр.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
— Мәжіліс қолдады. Сенат осы мәселені қарастыруда. Құжат өз күшіне енген сәттен бастап біз ресми келіссөздер құратын боламыз. Яғни қаражатпен қамтамасыз ететін несие берушілерді іздестіре бастаймыз. Қазірдің өзінде бірнеше компаниямен сөйлестік, десе де біз олардың арасынан ең тиімді шарттары бар ұсынысты таңдаймыз.
Жолаушы саны көп «Сайран» автовокзалы коммуналдық меншікке қайтарылуы мүмкін. Қазір шенеуніктер бекет иесімен осы мәселе бойынша келіссөз жүргізуде.
Сондай-ақ көшедегі онсыз да толып тұрған бейнекамера саны одан әрі арта түспек. Камера саны келер жылы ол 70 мыңға, ал 2030-ға дейін 100 мыңға жеткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!