Алматы жаңа жылдық безендіруге ақшаны аямаған қалалардың көшін бастап тұр
Еліміздің бар өңірінде жаңа жылдық шыршаны жарыса орнатып жатыр. Оған қалалар мен аудандар алдын ала бюджеттен ақша бөліп қамданған. Биыл алматылық шенеуніктер жаңа жылдық безендіруге қазына қаржысын аямапты. Шыршаға ақшаны көп жұмсайтын шаһарлардың тізімінде Астана екінші орынға жайғасқан. Ал ақтөбелік шенеуніктер қоймада жатқан шыршаны кәдеге жаратып, қазынадан бір тиын да бөлмеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.12.2024
Ақтөбе қаласын жаңа жылдық безендіруге соңғы рет бюджеттен ақша алты жыл бұрын бөлінген. Содан бері жасанды шыршаны күтіп ұстап, жыл сайын кәдеге жаратып келеді. Биыл да бір тиын бөлмей, жылдағы үрдісті ұстанған жөн деп шешкен.
Айгүл Бәйменова, Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
— Ақтөбе қаласының жаңа жылдық безендіру осы аптада басталып жатыр. Биыл бюджеттен жаңа шырша сатып алуға қаражат бөлінген жоқ. Себебі: бізде бұрыннан шыршалар бар. Сол шыршаларды қоямыз. Одан өзге қаланың кәсіпкерлері өз аумақтарында, ғимараты, дүкені тұрған аумақты безендіре бастады.
Маңғыстау орталығына жаңа жылдық безендіруге 76 миллион теңге жұмсалатын болды. Осы ақшаға тендер ұтқан компания 25 метрлік екі шырша алып келген. Оны Каспийдің жағалауына және мұражай алдына орнатпақ. «Былтыр қойылған шыршалар бүлініп, жарамай қалды» - дейді әкімдіктегілер.
Айдар Бисенов, Ақтау ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
— 11, 12, 14-ші шағынаудандарда жол бойындағы жасыл желекке, ірі ағаштарға тиісті гирляндалар ілінеді. Қалада ұзындығы 25 метр, екі ірі шырша орнатылады.
Астана қаласын жаңа жыл қарсаңында безендіру осындағы алты ауданның әкімдігіне жүктелген. Бәрінің бірге жұмсайтын қаражаты 700 миллион теңгеге жуық. Оның ішінде шаһардың қақ ортасындағы Есіл ауданының бюджетіне салмақ көбірек түсіп отыр. Жасыл шырша орнатып, мұздан мүсін жасап, арнайы алаң салуға 183 миллион теңге бөліпті.
Бақытжан Алдауов, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
— Есіл ауданында негізгі орындарда мерекелік шыршалар орнатылды. ЭКСПО аумағындағы 23 метрлік шырша, ол жерде, сонымен қатар, екі сырғанақ және мұз айдыны жасалды. Шыршалар Дөңгелек алаңда, Ботаника бағында және «Пригородный» тұрғын алабында орнатылды. Дәл осы жерде қысқы ойын-сауыққа арналған сырғанақ та қойылды.
Жаңажылдық безендіруге ақшаны аямаған қалалардың көшін Алматы бастап тұр. Оңтүстік астананың әкімдігі қаланы безендіруге 800 миллион теңге бөлген. Оған сексеннен астам шырша, үш жүзге жуық жарық инсталляциялары, ертегі кейіпкерлері мен мерекелік символдар орнатылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!