Биыл ел экономикасы тұрақты — дербес несие инвестиция сенімінде сақталды
Еліміздің дербес несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде сақталды. Мұны Fitch пен Moody's халықаралық рейтинг агенттіктері растап, биылғы несие көрсеткішімізге «тұрақты» деген баға беріпті. Бұл өз кезегінде экономика және қаржы тұрақтылығын нығайтуға әрі экономикаға тікелей шетел инвестициясы көлемін ұлғайтуға оң әсер еткен.
Автор: Мерей Қалиасқар
18.12.2024
Ғабидулла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Инвестиция комитетінің төрағасы:
— Мемлекет басшысының шет мемлекеттерге сапарларының нәтижесінде 70-тен астам инвестициялық, коммерциялық құжаттарға қол қойылды және оның жалпы сомасы 23 млрд АҚШ долларынан асып отыр. 23 жылмен салыстырғанда, биыл біз 30 пайызға көбірек инвестиция келісімшартына қол қойдық. Санмен айтқанда, ол 100-ден астам және сомасы 2,4 трлн теңгеден асты. Оның ішінде қарапайым, кәдімгі халыққа нағыз пайдасын тигізетін жобалар бар. Оның ішінде жеке инвесторлар өз қаражатынан, мысалы, ауруханалар салады, мектептер салады.
Жалпы биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсеткен. Бұл өсім мұнайдан тыс сектордың қарқынды дамуының нәтижесінде жүзеге асып, әртараптандыру саясатының оң әсерін көрсетіп отыр дейді жауапты министрлік. Несие рейтингісінің жоғарылауы мен инвестицияның артуы, түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына едәуір сеп болды.
Айта кетейік, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімі 4,4 пайызды құраған. Экономика өсімінің 70 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласына қатысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!