«Уран кеніші». Бекен Ыбырайым «Алтын қалам» әдеби жүлдесін жеңіп алды
«Алтын қалам» әдеби жүлдесі үш жылдан соң қайта жалғасты. Алматыда байқаудың биылғы жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлде жазушы Бекен Ыбырайымға бұйырып, ол 1 миллион теңге сыйақыға ие болды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
18.12.2024
Бекен Ыбырайым, «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы:
— Менің бұл жолы ұсынғаным – «Уран кеніші» деген көлемді әңгіме. Ядролық қару, болып жатқан қару-жарақтардың барлығының негізінде, көп жағдайда уран рудасының, кенішінің әсері, соны пайдаланатыны белгілі. Соған бір қарсылық ретінде, бейбітшілікке қолдау ретінде ойланып-толғанып ұсынған шығармам еді.
Бекен Ыбырайым жүлде әкелген туындысын бес жыл бойы жазған. Шығарманы түйіндеу қиынға соққанын айтады. Ол бұған дейін де «Алтын қалам» жүлдесін иеленген.
Сатира, драматургия, детектив пен фантастика жанрындағы үздік шығармалардың авторлары марапатталды.
Балаларға арналған әдеби шығарма жазып, бұл номинация бойынша озық шыққан қаламгер де анықталды. Дәстүрлі байқаудың ұйымдастырылып келе жатқанына 15 жыл болды. Соңғы үш жылда үзіліс алып, қайта жалғасқан жүлдеге биыл 115 автордан түрлі жанрда жазылған 200-ден аса шығарма ұсынылыпты.
Кенже Жұманұлы, «Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастырушысы:
— Әрдайым әдебиетті қолдауымыз керек. Ол ешқашан тоқырауға ұшырамауы керек. «Алтын қаламның» басты міндеті де сол — жаңа әдебиетті көпшілікке таныстыру, жұрт назарын қазақ әдебиетіне аудару, жас таланттарды көпшілікке таныстыру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!