Алматыда эконом-класс тұрғын үйлер салынбайды
Алматыда эконом санатындағы тұрғын үйлер салынбайды. Осындай тыйым енгізілгенін қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Бұдан былай мегаполис аумағында ең кемі комфорт класқа жататын тұрғын үй кешендері ғана бой кетереді. Сондай-ақ тау етегіне, жасыл аймаққа жататын аумақ пен аулада баспана салуға жол берілмейді. Қазір қаладағы жаңа құрылыс ережелері ашық талқылануға жіберілген. Егер жұрт шешімді қолдаса, жоба әрі қарай депутаттарға жолданады. Десе де урбанистер шенділердің бұл бастамасымен келіспей отыр. Айтуларынша, шаршы метр бағасы аспандай түседі.
Автор: Шапағат Мырзабекова
19.12.2024
Алматыда тұрғын үй нарығы мен баспана құрылысына қатысты реформа басталмақ. Енді Шығыс айналма жолы, әл Фараби, Сайын мен Жандосов көшелерінің бойына құрылыс жүргізуге болмайды. Сондай-ақ таудың етегі, жасыл аймақ пен аулаға қабаттастырып тұрғын үй кешенін салуға қатаң тыйым бар. Жаңа регламентке бағынбағандарға аяушылық жоқ. Мәселен, тек соңғы екі жылдың ішінде қалада заңсыз салынған 69 ғимарат жартылай немесе толық сүрілген. Арасында жеке үйлер мен сауда, дәмхана сияқты 43 коммерциялық нысан бар.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
— Менің әкім ретінде жұмысым құрылыс мәселесінен тығыз басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 19 нысан анықталып, олармен жұмыс жүргізілді, кейбірін бұздық, кейбірін сатып алдық. Барлық мәселе шешілді. Жаңа құрылыс ережелері мен қала құрылысы регламентінде біз бұл мәселелерді бекіттік.
Аталмыш ереже бойынша қалада эконом санатындағы тұрғын үйлер салынбайды. Кемі комфорт-класс болуы тиіс. Әйтсе де урбанист мамандар бұған қарсы. Айтуларынша, жұрттың пәтерге сұранысын қанағаттандыра алмай жатқанда, шаршы метр бағасы аспандап кетуі мүмкін.
Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі:
— Бұл шешім арқылы біз тек қаладағы үй бағасының қымбаттағанын көреміз. Қазір де тұрғын үй бағасы өте қымбат. Алайда келешекте осындай шешімдер арқылы тұрғын үй бағасы одан да артатын болады.
Қазірдің өзінде эконом кластағы баспана құны кемі 18 миллион теңгеден басталады екен. Мамандардың сөзінше, сатып алушылар көбінесе осы эконом санатына жататын 1-2 бөлмелі пәтерді алғысы келеді.
Еламан Кеңесбеков, риелтор:
— Негізі эконом, комфорт класс үйлерді көптеп таңдайды. Сұраныс бар. Ол төмендемей, күн өткен сайын жоғарылауда, демографияның өсуіне байланысты. Көпбалалы отбасы көбейіп жатыр. Солардың тұрғын үй көлемін көбейту мақсатында және де үйлену, ажырасу сияқты мақсатта үй алады, сосын оны сатады.
Қазір жаңа құрылыс ережелері ашық талқылануда. Жобаны депутаттар мақұлдаса, қағидалар келер жылдан бастап өз күшіне енбек.
Оған сәйкес, шенеуніктер енді қандай да бір нысанды қабылдап аларда ғимараттарды жіті тексереді. Сондай-ақ әл-Фараби даңғылы, Саин мен Жандосов көшелерінің бойында, 15 градус еңіс жерде құрылыс жүргізілмеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!